Өзбекстанда ауыз су мәселесі өзекті

Сарапшылар климаттың өзгеруі, халық санының өсуі мен ауыл шаруашылығында тіршілік нәрін шамадан тыс тұтыну жер асты суларының азаюына әсер етіп жатқанын айтады. 

БҰҰ дерегінше, Өзбекстан ауыл шаруашылығы саласында ауыз суды мөлшерден тыс, яғни 169 пайызға дейін пайдаланады екен. Бұл үдеріс елдегі ауыз су тапшылығына әкелетін негізгі фактор болып отыр. 

Ресми мәліметтерге сәйкес жер асты сулары Өзбекстанның жалпы су ресурстарының шамамен 20 пайызына тең. Алайда соңғы жылдары бақылаусыз пайдалану мен заңсыз құдықтардың көбеюі салдарынан жер асты су қоры азайып барады. 

Вадим Соколов, Халықаралық аралды құтқару қорының агенттік  директоры:

- Өзбекстанның көптеген аймақтары ауыз суды жер астынан емес, шекаралық өзендерден алып отыр. Себебі жер асты сулары бізде шектеулі. Қарақалпақстан мен Хорезмде ауыз судың 80 пайызы ағынды өзендердің еншісінде. Демек егер жоғарыдан келетін су азаятын болса, бұл үлкен экологиялық апатқа әкелуі мүмкін.

«Ауыз су мәселесін шешу үшін тек жаңа инфрақұрылым салу жеткіліксіз», -дейді мамандар. Алдымен ауыл шаруашылығында тіршілік нәрін үнемдеу технологияларын кеңінен енгізіп, жер асты су қорларын тиімді басқару қажет. БҰҰ дерегінше, Өзбекстан ауылшаруашылық саласында ауыз суды молынан пайдаланатын елдер тізімінің көшін бастап тұр. Тұтыну көрсеткіші 169 пайызға жеткен. 

Тахир Маджитов, Өзбекстандағы «Сушы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Жер асты суларының да сұрауы бар. Оның мөлшері де сарқылып барады. Орталық Азиядағы ең үлкен «Федченко» мұздығының 40%-ға жуығы еріп кетті. Оның ұзындығы – 77, ені – 2,4, ал тереңдігі 1 шақырымға жететін. Қазір ол кішірейді. Меніңше, климаттық өзгерістер өңірдің суға деген сұранысын алдағы жылдары толтыра алмауы мүмкін.   

Дулат Нуркин, тілші:

- Өзбекстан үшін су – стратегиялық ресурс. Ғалымдардың зерттеуінше, шекаралық өзендермен жер асты суларының азаюы жалғаса берсе, бұл тек ауыл шаруашылығына ғана емес, сол өңірде өмір сүріп жатқан миллиондаған адамның тағдырына әсер етеді. Ішкі иммиграция басталады. Себебі экологиялық апаттың зардабы ауыр.       

Авторы: Дулат Нуркин