АҚШ пен Иран келісімге қашан келеді?
АҚШ-Иран келіссөзі кейінге қалды. Мұны Швейцарияның Сыртқы Істер министрлігі хабарлады. Басқосу бүгін осы елдің Бюргеншток қаласында өтуі тиіс еді.
Кездесудің неліктен шегерілгені белгісіз. Сарапшылар бұған Израильдің әрекеті тосқауыл болуы мүмкін деп топшылайды. Кешелі бері ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігін бомбалап жатыр. Ал бұл АҚШ-тың Иранмен келісімге келуіне кедергі. Төрткүл дүние көз тіккен келіссөздің болашағы не болмақ? АҚШ пен Иран 60 күнде келісімге келуі мүмкін бе?
Ливанның оңтүстігінен кешелі бері тыныштық кетті. Израиль әуе күштері аумақты бомбалап, 18 адамның өмірін қиды. Тағы 33-і жараланды. Бірақ Тель-Авив билігінің айтар өз уәжі бар. «Хезболла» оқ атпау режимін бұзды. Сондай-ақ 4 израильдік сарбазды мерт қылды, - дейді. Қайтыс болғандар арасында батальон командирі де бар. Израиль АҚШ-тың Иранмен арадағы келісімін о баста сынаған еді.
Малак Харб, Associated Press агенттігінің сарапшысы:
- Ливандағы қақтығыс тоқтамаса, осыған дейін қол қойылған уақытша меморандумның күші жойылуы мүмкін. Өйткені, бұл құжатқа сай, Ливан аумағының біртұтастығы сақталуы тиіс. Ал, Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Ливаннан әскерін әзірге шығаруға бейіл емес.
Биыл күзде Израильде парламенттік сайлау өтеді. Ал халықтың басым бөлігі Ливандағы әскери операцияны қолдап отыр. Мұны осы елде жүргізілген сауалнама қорытындысы көрсетті.
Әйтсе де АҚШ-тың вице-Президенті Джей Ди Вэнс премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға «әлемде Израильді Құрама Штаттардан басқа қолдайтын одақтасы жоқ» екенін ескертті.
Джэй Ди Вэнс, АҚШ вице-президенті:
- Израильдің кей министрлері бұл келісімді және АҚШ президентін сынап жүр. Бірақ Дональд Трамптан басқа Израильді қолдап отырған әлемде ықпалды басшы жоқ. Кейінгі үш айда Израильді қорғаған қорғаныс қаруларының үштен екісі америкалықтардың қолымен жасалып, АҚШ салық төлеушілерінің қаржысына төленді. Сондықтан Израильдің Дональд Трампты сынау қисынсыз. Кімде-кім Израильдің ең үлкен проблемасы АҚШ президенті деп ойласа, ұйқысынан оянсын.
Ал Ақ үй басшысы Тегеранның өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюын "капитуляцияға" балап отыр. Президент Трамп Axios басылымының тілшісі қойған сауалға АҚШ Иранның әскерін жеңді, - деп мәлімдеді.
Бүгін Ислам Республикасының рухани көсемі Моджтаба Хаменеи жазбаша мәлімдеме жасады. Құрама Штаттарға сенбейтінін жеткізді. Бірақ, Президент Масұд Пезешкианның сөзінен кейін ойын өзгертіп, келісімімді бердім,- дейді.
Моджтаба Хаманеи, Иранның жоғарғы көшбасшысы:
- Президент және Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесінің мүшелері Иран халқының мүдделерін қорғаймыз деп уәде берді. Бұл үшін жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Сондықтан келіссөз бастауға рұқсат бердім. Иран АҚШ-тың барлық талабына көнбейді. Вашингтонның берген уәделерін орындағанын күтеміз. Бірақ тікелей келіссөз жүргізу Иран АҚШ-тың барлық талабын орындайды деген сөз емес.
Бүгін Швейцарияда Вашингтон мен Тегеран делегеттары кездесіп, ресми келіссөзді бастауы керек еді. Құрама Штаттар ирандық порттарды қоршаудан босатты. Ал Ислам Республикасы Ормуз бұғазын ашты.
Алғашқы күні 12,5 млн баррель мұнай тиеген танкерлер жолға шықты. Енді Ливандағы ахуалдың ушығуы келіссөзге әсер етуі мүмкін деген қауіп басым қазір. Жалпы 2015 жылы Барак Обама Тегеранмен келісімге келу үшін 2 жыл бойы келіссөз жүргізген еді. Сондықтан сарапшылар бұл жолы да Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселенің 60 күнде шешілуі екіталай деп санайды.
Авторы: Зайнұр Байжігіт