Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер қызметінен кететінін мәлімдеді
Ұлыбритания Премьер-министрі әрі Лейбористер партиясының жетекшісі Кир Стармер қызметінен кететінін ресми түрде жариялады. Саяси мәлімдеме жасау барысында үкімет басшысының көзіне жас үйіріліп, толқығаны байқалды, деп хабарлайды "24KZ" BBC -ге сілтеме жасап.
Британ үкіметінің басшысы бұл қадамға партия ішіндегі талқылаудан кейін барған. Саяси ұйым мүшелері алдағы жалпы сайлауға партияны Стармердің бастап баруы қаншалықты тиімді екенін қарастырған. Премьер-министр бұл шешімді түсіністікпен қабылдағанын жеткізді.
Менің қабылдаған әрбір шешімім өзім шексіз сүйетін елдің мүддесін бәрінен жоғары қою ниетінен туындады, -деп атап өтті ол.
Сондай-ақ саясаткер өз басшылығы тұсында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, ол билікке келгенде Лейбористер партиясы «саяси, қаржылай және моральдық тұрғыдан тығырыққа тірелген» күйде болған. Дегенмен Стармер қысқа уақыт ішінде ұйымды трансформациялап, ішкі қайшылықтарды жойғанын және елдің экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігіне деген сенімді қайта қалпына келтіргенін мақтанышпен мәлімдеді.
Кир Стармер бұл шешімі туралы ел монархы - Корольге ресми түрде хабарлап үлгерген. Сөзінің соңында саясаткер бұдан былайғы өмірін отбасына арнайтынын айтты. Ол британ саясатындағы ең жоғары лауазымнан кеткеннен кейін, өзі үшін ең маңызды міндет — отбасына адал жар және балаларына үлгілі әке болу екенін жеткізді.
Партияның Ұлттық атқарушы комитетіне жаңа көшбасшыны анықтау бойынша нақты кесте әзірлеу тапсырылды. Үміткерлерден өтінімдер қабылдау 9 шілдеде басталып, жазғы үзіліске дейін аяқталуы тиіс. Бұл - парламенттің қыркүйектегі сессиясы басталғанға дейін елдің жаңа премьер-министрі тағайындалады деген сөз. Жаңа басшы бекітілгенге дейін Кир Стармер премьер-министр міндетін уақытша атқара береді.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Джон Хили де қызметінен кеткен болатын. Ол үкіметтің әскери шығындарды қысқарту жоспарына қарсы шығып, бұл қадам армияның жауынгерлік қабілетіне нұқсан келтіретінін мәлімдеген еді. Бақылаушылардың пікірінше, бұл оқиғалар елдегі саяси дағдарыстың тереңдей түскенін көрсетеді.