Еуропадағы орманды сақтау шаралары
Әлемде орман алқабы қысқарып жатыр.
Кейінгі 10 жылдың өзінде жер шары 40 миллионнан астам жасыл желектен айырылған. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ормандар жөніндегі форумның 21-сессиясында айтылды. Мәселе әсіресе Еуропада өзекті. Кәрі құрлық елдері орманды сақтау үшін не істеп жатыр?
Португалияда арнайы орман агенттері бар. Олар құлаған, сынған талдарды жинап, өрттен сақтауға әрекеттенеді. Өткенде ғана "Кристин" дауылы соғып, мыңдаған ағашты опырып тастаған. Қазір Еуропада күн қатты ысып тұр. Сондықтан тілсіз жау тұтану қаупі өте жоғары. Мамандар өрт орманның бірінші жауы дейді. Құлаған ағаштар өрт сөндіру кезінде үлкен кедергі жасауы мүмкін. Португалиядағы Даладағы өртке қарсы жүйеде 15 мыңнан астам қызметкер, 3 жарым мыңға жуық техника және 81 әуе құралы бар.
Луис Лопес, азаматтық қорғаныс қызметкері:
"Біз жалпы аумағы 1100 шақырымға созылып жатқан орман жолының 80 пайызын сынған ағаштан тазалап шықтық. Яғни атқарылған жұмыс ауқымы 800 шақырымнан асады. Жасыл орманымызды сақтау үшін өртке қарсы алдын ала жан-жақты қамдануымыз керек".
Жасыл желектің тағы бір жауы пластик. Францияның шығысындағы Вожес орманында алкогольді ішімдік бөтелкелерін шығаратын "Нестле Уотерс"-тің экологиялық қылмысы әшкере болды. Компания өкілдері 470 мың текше метр аумаққа жарамсыз болып қалған пластик шөлмектерді көмген. Қалдықтар арасында пластмасса, полимер және басқа өнеркәсіптік заттар бар. Мамандар қоқыс 1960 жылдардан бері тасталған деп есептеп шығарды.
Бернар Шмит, эколог:
"Пластик көмілген қоқыс полигонының тереңдігі 7 қабатты үйдің биіктігімен тең. Бұл деген сұмдық емес пе? Менің ойымша, бұл үлкен қылмыс. "Нестле" де, тұрғындар да тұтынатын жер үсті су көздері қатты ластанған".
Мари-Франс Диньяк, пластиктен ластану бойынша химик-маман:
"Микропластиктер ас қорыту жүйесін бұзады. Ішек микробиотасының бұзылуы басқа ауруларды қоздырады. Үлкен көлемдегі пластиктерді жинап алуға болады. Ал микропластиктерді теріп алу мүлде мүмкін емес. Олар топырақпен араласып, орманның экожүйесін бүлдіреді".
Экологтар мен тұрғындар "Нестле Уотерс"-ті сотқа беріп, отырыс наурызда өткен. Үкім 7 қазанда шығуға тиіс. Айыптаушы тарап компанияға 750 мың еуро айыппұл салуды және тиісті орындарды қалпына келтіруді талап етіп отыр.
Ернат Қашқынов