Иран Ормузды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр

АҚШ-тың шенділері араб елдерін қайта жағалай бастады.

Бұлар 4 айдан бері бой көрсетпеген еді.

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио өңірге үш күндік турне жасады. Әуелі Абу Дабиге аялдады, кейін Кувейт пен Бахрейнге ат басын бұрды. Сөйтіп, ол Иран төңірегіндегі шиеленіс ушыққалы араб жеріне аяқ басқан алғашқы американдық саясаткер болып тұр. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Араб түбегінде қазір ми қайнатар ыстық басталды. Ауа температурасы 50 градусқа дейін көтеріліп, тіршілік баяу қалпына енген. Бірсыдырғы қозғалысты Иранға қатысты алаңдаушылық қана бұзып тұр. Өйткені ел ішіне “АҚШ парсы жеріне қайта соққы жасауы мүмкін” деген дақпырт тарады. Ал бұл өңірлік тұрақсыздыққа әкелетін жағдай. Абу Дабиге Ақ үйден келген арнайы делегация сол үрейді сейілткендей. Марко Рубионың сапары шығанақ қалаларына еш қауіп жоқ дегенді білдірсе керек. Мамандардың айтуынша, шиеленіс шарықтау шегінен өтті. Вашингтон мен Тегеран атысты тоқтатуға жол ашатын уағдаластыққа келді. Енді оның қаншалықты өміршең боларын алдағы уақыт көрсетеді. Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт және Бахрейнге келсек, бұл елдердің Иранмен қарым-қатынасы тым күрделі. Қақтығыс кезінде арадағы шектеулі дипломатиялық байланыстарға едәуір нұқсан келген. Парсы жерінен араб шығанағына мыңдаған дрон ұшырылып, зымыран атылған. Осыны ескерген АҚШ аймақта ең көп зиян шеккен одақтастарына өкілдерін жіберіп, жағдайды жақсартуға күш салып жатыр. Американдық дипломат осы орайда Әмірліктер астанасында елдің Президенті және Сыртқы істер министрімен кездесті. Жиында өңірлік қауіпсіздік қана емес, Иранмен жасалған келісімдер мен өзара ынтымақтастық мәселелері қаузалды. Айта кеткен жөн, араб елдерін осы күні Ормуз бұғазындағы тұрақсыздық қинайды. Су жолын Иран әлі де ашса алақан, жұмса жұдырығында ұстайды. Соның салдарынан өңірдегі басқа елдердің сауда-саттығы азайып, экономикасы орасан зиян шекті. Мұнай және басқа да маңызды тауарлар тасымалы тежелді. Ұзақ уақыт қаңтарылып қалған кемелер енді-енді өткелден өте бастады.

Рауан Мыңбай