Әлемдегі ең жас дизайнер

Болар бала жасынан.

Американдық Макс Александр болашақта сән дизайнері болатынын небәрі 4 жасында айтқан.

Айтса айтқандай, араға 6 жыл салып жеткіншектің қолынан шыққан сән туындылары Парижде көпшілікті таңдай қақтырды. Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең жас дизайнер ретінде енген Макс сән әлемінің көгіне шығып қана қоймай, жаһандық мәселелерді  шешуге де үлес қосуға ниетті.  

Сән әлемінің бас қаласы Парижде өз киім үлгілерін көрсету кез келген дизайнердің арманы. Американдық Макс Александр бұл мұратына небәрі 10 жасында қол жеткізді. Қазір қаршадай бала сән әлеміне танымал тұлғаның бірі. Тіпті есімі Гиннестің рекордтар кітабына дүние жүзіндегі ең жас дизайнер ретінде енген.

Макс Александр, әлемдегі ең жас дизайнер:

- Мен сахнаға шыққанда жұрттың бәрі қол шапалақтады. Қорыққан жоқпын. Керісінше көрермен еңбегімді бағалап жатқанын көріп, қуандым. Бойымды мақтаныш сезімі биледі. 

Қазір әлемде жылына 100 млрд тоннадан аса киім тігіледі. Бірақ соның 9 пайызы киілмейді, қоқысқа кетеді. Сондықтан 10 жастағы дизайнер экологияға зияны аз маталарды пайдалануға ерекше мән беретінін" айтады.

Макс Александр, әлемдегі ең жас дизайнер:

- Адамдар өз әрекеттерінің салдарын түсінсе екен деймін. Жылдам сән индустриясы біздің ғаламшарды ластап жатыр. Сондықтан синтетикалық киімдерді бір киіп лақтырмай, сапалы, ұзақ киетін киім алуға дағдылану керек деп ойлаймын.

Сән әлемінің бас шаһары Парижді бағындырған жеткіншектің құрдастары секілді өз уайымы бар. Қазір ол жаңа оқу жылында сабақ арасындағы үзіліс уақыты қысқарады деп алаңдап жүр.

Макс Александр, әлемдегі ең жас дизайнер:

- Бесінші сыныптың сабағы қиын секілді.  Бұрын үзіліс 25 минут болатын. Енді бұл уақытты 10 минутқа дейін қысқартыпты. Құрдастарыма айтар кеңесім бар. Еңбектің арқасында бәріне қол жеткізуге болады. Ең бастысы, армандау қажет. 

10 жастағы Макс тек қыз-келіншектерге ғана емес, балалар мен ерлерге де арнап киімнің сан алуан түрін тігеді. Тіпті өзінің жеке интернет-дүкені де бар. Яғни кішкентай болсаң да адам өзіне үлкен мақсат қоюдан қорықпауы қажет, дейді ол. 

Зайнұр Байжігіт