Әлемдік еңбек нарығы 170 млн жаңа жұмыс орнымен толығады
Алдағы бес жылда әлемдік еңбек нарығы ұлғайып, өзгеруі мүмкін.
Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес 170 миллионға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Ал 92 миллионы керісінше, жойылуы ықтимал. Сарапшылар мұны жасанды интеллектінің қарқынды дамуы, өндірісті автоматтандыру, демографиялық ахуал және жасыл экономикаға көшумен байланыстырады.
Әлемдік еңбек нарығында жоғары білімі бар маман көп. Алайда еңбек етуге құлықсыз жастар да жоқ емес. Ал Біріккен ұлттар ұйымының осы салаға қатысты былтырғы баяндамасына сүйенсек, әр бесінші жас оқу оқымаған деген дерек бар. Әсіресе кейінгі 2 жылда не білім алып, не жұмыс істеп көрмегендер саны күрт артқан. Сондықтан әлем елдері жаһандық еңбек нарығындағы өзгерістерді зерделеп, теріс үрдістердің алдын алуға ден қоя бастаған.
2034 жылға қарай АҚШ-та жұмыспен қамтылатындар саны 5 миллионға жуық артады. Бұл Еңбек статистика бюросының болжамы. Әсіресе денсаулық сақтау, IT және жасыл энергетика салаларындағы мамандықтарға сұраныс жоғары болады. Тағы жел турбиналары мен күн панельдерін орнатушылар, жоғары білікті мейірбикелер және киберқауіпсіздік мамандары бар. Құрама штаттарда қазірдің өзінде байланыс операторлары, дерек енгізу мамандары және әкімшілік қызметкерлерге сұраныс азайған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жұмыстарды автоматтандыру оңай әрі арзанға түседі.
Қазір IT мамандар ең көп жалақы алады деген түсінік бар. Мысалы Оңтүстік Кореяда осы саладағы алпауыт компания қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлінеді. Елде жасанды интеллект, машиналық оқыту мен мобильдік қосымша жасау бағыты танымал. Сәйкесінше, осы саланың мамандарына деген сұраныс пен оларға ұсынылатын жалақы да бүгінде әлем бойынша өте жоғары. Деректерді талдап, оны өңдей алатын және цифрлық қауіптердің алдын алумен айналысатын инженерлер де жұмыс берушілер көп іздейтіндер қатарынан.
Ал Германияда денсаулық сақтау, құрылыс және жаңартылатын энергетика салаларында білікті кадр тапшы. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауынша, жұмыс күшінің жетіспеушілігі елдегі экономикалық өсімді және цифрландыруды тежеуші факторға айналған. Сондықтан мейірбике, электрик, сантехник, дәнекерлеуші және механик сияқты орта буын мамандарының маңызы қайта арта түсті. Жұмысын жетік білетін қызметкерлерге сұраныс байқалады.
Жапонияда еңбек нарығына тікелей әсер етіп отырған фактор – демографиялық ахуал. Елде халықтың қартаюы мен туу деңгейі төмендеген. Енді қарттарға күтім жасап, көмек көрсететін мамандар мен кіші медицина қызметкерлері сұраныста. Кадр тапшылығына байланысты күншығыс елі осы салада озық технологияларды жан-жақты енгізуге күш салып жатыр. Қазір қарттар үйі мен ауруханаларда көмекші роботтар жұмыс істейді. Десе де кәсіптік білімі бар, өз ісін әбден меңгерген мамандарға сұраныс көп.
Авторлары: Нұрбике Жігер, Әйгерім Ардаққызы