Бір долларға екі рет тамақтан: Қытайдағы тәсіл трендке айналды

Қытайда депозиттің жылдық табысы небәрі 1,5 пайыз.

Сөйте тұрып, көбі тапқан таянғанын банкте сақтайды. Елдің Ұлттық банкі мамырда несиенің пайыздық мөлшерлемесін 3 пайызға дейін азайтты. Бұл халықты ақшасын ұстап отыра бермей, жұмсап, соның арқасында сауда да қызуы тиіс еді. Базар мен дүкендерден бөлек қомақты қаржы жиғандар бәлкім біздегідей үй сатып алар ма еді?!

Бірақ жиған-тергені мол қытайлардың өзі үйді ипотекаға алғысы келмейді. Оның орнына ақшаны жинай бергенді жөн көреді. Бұған себеп не?

Қытайлар ақшадан шашау шығармайды. Тіпті әлеуметтік желіде аз қаржыға қалай күн көру туралы кеңес көп. Қазір бұл елде 1 долларға екі рет тамақтанудың әдісі тіпті трендке айналған.

Технологияның түр-түрін шығарып, жаһанды аузына қаратқан қытайлардың көбінің үнемдейміз деп жақсы өмір сүруге үлгірмей жатқандары да бар. Мәселен, бөлшек сауда биыл сәуірде небәрі 0,2 пайыз өсті. Ал көлік саудасының қарқыны 7 айдан бері баяулап келеді. Тіпті өткен жылмен салыстырғанда 21,6 пайызға құлдыраған.  

ЦИТАТА

Юхан Чжан, Conference Board орталығының бас экономисі

- Қытай тұтынушылары эмоцияға беріліп сауда жасамайды. Ал күнделікті тауарларға ақшаны үнемдеп жұмсайды. Бұдан соң несиеге өмір сүрмейді. Тіпті үйдің өзін ипотекаға рәсімдейтіндер аз.   

Ең қызығы, Қытайда депозиттің жылдық табысы өте төмен. Сөйте тұрып, былтыр бұл елде жеке тұлғалардың жинағы 10 пайызға артты. Сөйтіп, көлемі 24 трлн долларға жуықтаған. Салымшылардың жинағын жан басына шаққанда - 17 мың долларға тең. Алайда сарапшылар: " халықтың қор жинауының да өзіндік теріс салдары болуы мүмкін, дейді. Өйткені ішкі сауда-саттық аз болса, Қытайдың экономикасы тұралауы ықтимал. 

ЦИТАТА

Ларри Ху, Macquarie Group орталығының бас экономисі

- Нарықтық экономикада біреудің шығысы екінші біреудің кірісі екені белгілі. Тұтыну артқан сайын табыс көбейеді. Жергілікті билік үшін бұл экономиканы ынталандырудың ең арзан құралы.

Десе де, қытай жастары жиған-терген қаражаттарын жұмсауға қорқады. Өйткені бұл елде екі қолға бір күрек табу қиын. БиБиСи басылымының дерегі бойынша Қытайда жастар арасындағы жұмыссыздық 20 пайыздан асады. Жаман айтпай жақсы жоқ. Ертең жұмыссыз қалса, үнемдеген ұтады. 

Зайнұр Байжігіт