Шетелдік жас аналар АҚШ-қа кіргізілмеуі мүмкін
2 күннен кейін АҚШ 250 жылдық мерейтойын тойлайды. Дайындық қызу.
Бірақ той мен сот қатар жүретін түрі бар. Жоғарғы сот бұған дейін президент Дональд Трамптың жарлықтарын қайта қарап, бірқатар бастамасын қолдамаған еді. Соның бірі әрі ең маңыздысы АҚШ-та туған балаға азаматтық бермеу.
Дегенмен, Дональд Трамп сот айтты деп, райынан қайта салмайды. Енді АҚШ-қа аяғы ауыр келіншектерді мүлдем кіргізбеу керек деп мәселе көтеріп жатыр.
АҚШ-та былтыр 3 миллион 600 мың сәби дүниеге келді. Ал жыл сайын шамамен 20–26 мың сәби "босану туризмі" аясында өмірге келеді. Бұл шетел азаматтарының баласына АҚШ азаматтығын алу үшін елге арнайы әрі уақытша келуі. 2020 жылы Дональд Трамптың бастамасымен АҚШ Мемлекеттік департаменті босану туризміне қарсы визалық шектеулер енгізген болатын. Яғни жүкті әйелдің АҚШ-қа келудегі негізгі мақсаты тек босану болса, елшілік туристік виза беруден бас тарта алады. Енді Жоғарғы сот туу арқылы азаматтық беру құқығын сақтап қалғаннан кейін, Трамп әкімшілігі туризмнің бұл түріне қарсы күресті күшейтетінін мәлімдеді. АҚШ Әділет министрлігіне визалық алаяқтықпен байланысты істерді белсенді тергеуді тапсырды. Ал әйел құқығын қорғау жөніндегі Ұлттық орталықтың федералдық саясат жөніндегі директоры Кэти О'Коннор бұл бастаманың адам құқықтарына қауіп төндіретінін айтады.
ЦИТАТА
- Жүкті әйелдер туралы, соның ішінде олардың жүктілік мерзіміне қатысты деректердің федералдық билікке, тіпті штаттардың билік органдарына берілуі өте алаңдатарлық ұсыныс.
Кэти О'коннор, Әйел құқығын қорғау жөніндегі ұлттық орталықтың федералдық саясат жөніндегі директоры:
- Ал ата-анасының заңды тұрақты мәртебесі жоқ отбасыларда жыл сайын 260 мыңға жуық нәресте өмірге келеді. Заң бойынша олардың да басым бөлігі туған жеріне байланысты АҚШ азаматтығын алады. Бұған қатысты Дональд Трамптың кеңесшісі Стивен Миллер, АҚШ елге уақытша келетін адамдарды мұқият іріктеуі керек деген пікірде. Өйткені азаматтығы жоқ ата-анадан туған балалар құжатының арқасында әлеуметтік қолдауға ие болады.
АҚШ босқын мәртебесін беруді шектейді
Азаматтық алу жеңілдесе, заңсыз мигранттар одан сайын көбейеді. Дональд Трамптың басты уайымы осы. Азаматтық беруді шектеу туралы ереже, елдегі заңсыз көші-қон саясатын реттеудің бір тармағы. Өйткені елге заңсыз кіретіндер көп. Жоғарғы сот азаматтыққа қатысты Конституция ережесін өзгертуді жөн көрмейді. Дегенмен Трамп әкімшілігінің Сирия мен Гаитиден келген азаматтардың уақытша қорғалу мәртебесін тоқтату туралы бастамасын қолдап отыр. АҚШ-та босқын мәртебесін беру әдетте соғыс, табиғи апат немесе гуманитарлық дағдарыс жағдайында өзге елдерден келген адамдарға уақытша қорғау беріп, оларды депортациядан сақтайды және белгілі бір мерзімге жұмыс істеу құқығын ұсынады. Сот шешімінен кейін Трамп әкімшілігі бұл мәртебені қайта қарауға және оны кезең-кезеңімен тоқтатуға мүмкіндік алды. Бұл өзгеріс 350 мыңнан астам гаитилік мигрантқа және 6 мыңнан астам сирия азаматына кесірін тигізуі мүмкін.
АҚШ-та көші-қон мәселесі кейінгі он жылда ең маңызды сайлау тақырыптарының біріне айналды. Биыл өтетін Конгреске аралық сайлау алдында республикалық партия заңсыз көші-қонды ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың негізгі мәселесі ретінде көтеріп отыр. Ал демократтар гуманитарлық жауапкершілік пен мигранттардың құқықтарын қорғауға көбірек көңіл бөледі. Заңсыз мигранттарды жаппай депортациялау және босқындарды қабылдауды шектеу еңбек нарығында жұмыс күші тапшылығын күшейтуі мүмкін. Қазірде АҚШ-тағы ауыл шаруашылығы, құрылыс, қонақүй бизнесі және денсаулық сақтау салаларында еңбек күшінің айтарлықтай бөлігі иммигранттардан тұрады. Ауыл шаруашылығы жұмысшыларының шамамен 40–45%-ы шетелдіктер.
АҚШ-тағы ішкі саяси өзгерістер өзге елдерге де тікелей ықпал етеді. Мысалы, көші-қон ережелерінің қатаңдауы еңбек нарығына, халықаралық студенттер ағынына әсер етеді.