«Ақылды көліктерге» талап күшейді
Әлемде жыл сайын 1 миллионнан астам адамның өмірі қара жолда қиылады. Қайғылы оқиғалардың жиілеуіне заманауи көліктердің де көбеюі себеп.
Economist Enterprise сарапшылары ауқымды сауалнама жүргізіп, осындай қорытындыға келіп отыр. Нарықта жыл сайын көліктің сан түрі шығарылады. Озық технологиямен жабдықталғандары бүгінде сәнге айналған. Бағасы қолжетімді болғанымен мұндай көліктерді дұрыс тізгіндеу үшін, технологияның тілін білу маңызды, - дейді сарапшылар.
Қазір нарықта есіктерінің өзі арнайы батырманың көмегімен ашылып жабылатын көлік түрлері сәнге айналды. Әсіресе қытайлық көліктерге сұраныс жоғары. Алайда кейінгі уақытта мұндай темір тұлпарлардың сапасы сын көтермей барады. Былтыр Қытайда Xiaomi SU7 электромобилі қатысқан жол апаты қоғамда қызу пікірталас тудырды. Қозғалысты реттеуші жүйе істен шығып, қате бағыт сілтеген. Сөйтіп көлік бетон қоршауға соғылып, өртеніп, 3 адам қаза тапты. Осыдан кейін Бейжің бақылауды күшейтті. "Ақылды жүргізу" деген тетікті қолдануға болмайды. Билік мұндай терминдер жүргізушілерде көлік өздігінен толық жүре алады деген қате түсінік қалыптастырады деп есептейді.
Reuters:
- Бұл өзгерістер тек Xiaomi компаниясына ғана емес, Қытайдағы барлық автокөлік өндірушілеріне қатысты қолданылады. Өйткені қазіргі таңда көлік нарығында жүргізушіге көмек көрсететін жүйелерді жетілдіру бәсекелестікке айналған.
Economist Enterprise жүргізген сауалнамаға қатысқан мамандар да осы мәселеге баса назар аударады. Яғни жүргізушінің көмекші жүйелерді қате түсінуі немесе дұрыс пайдаланбауы жол қауіпсіздігіне төнетін басты қатердің бірі деген пікірде.
Маттео Тирабоски, Brembo Group компаниясының атқарушы төрағасы:
- Ендігі міндет тек көлік жүйелерінің қауіпсіздігін арттырумен шектелмейді. Көліктерге жаңа технологиялар мен функциялар көбірек енгізілген сайын, жүргізушілердің жолдағы жағдайды дұрыс бағалау деңгейін төмендетіп жатқан жоқ па? Олар көлігінің мүмкіндіктері мен шектеулерін толық түсіне ме? Алдымен осы мәселеге басымдық берілуі тиіс.
Швецияның Көлік агенттігі америкалық Tesla компаниясының бағдарламалық жасақтамасын Еуропада кеңінен енгізуге қарсылық білдірді. Өйткені онда белгіленген жылдамдықты шегінен асыруға мүмкіндік бар. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы да автоматтандырылған жүргізу жүйелеріне қатысты халықаралық жаңа ережелер енгізді. Оған сәйкес, енді мұндай темір тұлпарларда жүргізушінің жолға назар аударып отырғанын бақылайтын жүйелер күшейтілуі керек.
Авторы: Фариза Жанғанаева