Сауд Арабиясы ядролық қару жасауға ниетті
Ирак пен Сирия бұрыннан жабық тұрған, бірақ Сирияның Жерорта теңізіне шығуына мүмкіндік беретін мұнай құбырын қалпына келтіру бойынша меморандумға қол қойды.
Бұл жоба экспорт бағыттарын әртараптандыруға, энергетикалық инфрақұрылымды нығайтуға және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Ал әлемдік сауданың күретамыры Ормуз бұғазы болашақта маңызын жоғалтуы мүмкін. Қазір бұғазда жүріп жатқан тартыс, әлем елдерін жаһандық сауданың картасын қайта сызуға мәжбүр етті. АҚШ бірқатар араб елдерімен қарым-қатынасын күшейтпек. Бұл әлемдік саудаға тың серпін береді дейді сарапшылар. Сондай-ақ Сауд Арабиясымен ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты жаңғыртауға ниетті.
АҚШ Ормуз бұғазына балама бағыт ұсынды
АҚШ, Сирия, Иордания, Түркия, Ливан және Мысырмен сауда қарым-қатынасын жандандырмақ. Бұл жөнінде АҚШ президентінің Сирия және Ирак бойынша арнайы өкілі Том Барак мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, қазір Ормуз бұғазындағы жағдайға байланысты балама бағыттарға көшу бойынша бағдарлама әзірленіп жатыр. Жобаға сәйкес Түркиядан Әзербайжан мен Түрікменстан арқылы Орталық Азияға дейін созылатын "Орта дәлізді" дамытуға басымдық берілмек.
Сөйтіп Еуропаға сауда дәліздері арқылы табиғи газды көбірек тасымалдауға жол ашылады. АҚШ бұл елдермен тек сауда үшін емес, логистика және көлік дәліздері үшін де жұмыс істейді. Түркия – Еуропа мен Азия арасындағы "Орта дәліздің" негізгі бөлігі, Ал Иордания, Сирия, Ливан Жерорта теңізі мен Парсы шығанағын байланыстыратын құрлық бағыттары үшін маңызды. Мысыр болса, Суэц каналы арқылы әлемдік саудадағы негізгі торап. Сондықтан АҚШ бұл елдермен сауда қатынасын ғана емес, жаңа энергетикалық және көлік дәліздерін қалыптастыруды да стратегиялық мақсат ретінде қарастырады.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Бахрейн және Кувейт бар. Мен олардың барлығымен сөйлестім. Олар АҚШ-қа бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция салуға дайын екенін айтты. Бұл – біз үшін де қолайлы шешім. Сондықтан бұл жерде ешқандай алым немесе төлем болмайды.
Сауд Арабиясы уран байытуға ниетті
АҚШ Сауд Арабиясына уран байытуға рұқсат бермек. Вашингтон мен Эр-Рияд ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келіссөздерді былтыр аяқтаған. Алайда құжатқа әлі күнге дейін президент Дональд Трамп қол қойған жоқ. Өйткені АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы қақтығысы басталып кетті. Енді Ақ үй Сауд Арабиясына уран байытуға рұқсат беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда бұл шешім әлі толық күшіне енбеді. Келісімнің соңғы нұсқасы АҚШ президентінің мақұлдауын мен Конгрестегі рәсімдерді күтіп тұр. Бұл келісімде Халықаралық атом энергиясы агенттігінің күшейтілген тексерулерін міндеттейтін кепілдіктер қарастырылмаған. Мұндай шешім Эр-Риядтың болашақта ядролық қаруға ие болуына жол ашуы мүмкін, дейді, сарапшылар.
ЦИТАТА:
Егер Иран ядролық қару жасаса, Сауд Арабиясы да сондай қаруға ие болуға ұмтылады.
Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз әл Сауд, Сауд Арабиясының тақ мұрагері
АҚШ осыған дейін ядролық технологияны экспорттап келген елдерден "алтын стандарт" деп аталатын талапты ұстануды сұрайтын. Яғни ядролық энергетикамен айналысуға болады, бірақ өз аумағында уран байытуға және пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеуге болмайды. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері осы шартпен келіскен.
Сауд Арабиясы уран байытуға ниетті
Ал енді АҚШ Сауд Арабиясына келгенде неге ұстанымын өзгертіп отыр? Егер АҚШ келіспесе, Эр-Рияд ядролық технологияны басқа елдерден сатып алуы мүмкін. Сондай-ақ бұл жерде экономикалық мүдде де бар дейді, сарапшылар. Мәселен, Сауд Арабиясының болашақ атом энергетикасы жобалары ондаған миллиард долларлық нарық саналады. Сондай-ақ АҚШ Сауд Арабиясын Парсы шығанағындағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде сақтағысы келеді. Дегенмен, қару-жарақты бақылау саласындағы сарапшылардың пікіріне сүйенсек, уранды бейбіт мақсатта байыту технологиясы кейін ядролық қаруға қажетті материал өндіруге де қолданылуы мүмкін.
Сондықтан мұндай келісім Таяу Шығыста ядролық жарысты күшейтуі ықтимал деген алаңдаушылық бар.