Ормуз бұғазындағы жағдай шиеленісті
Егер АҚШ Иранның энергетикалық нысандарына шабуылды үдететін болса, Иран Қызыл теңізді де бақылауға алуды көздеп отыр.
Парсы елі бұл ойын іске асыру үшін Йемендегі хуситтерге қолқа салды. Қарулы топ қазір Баб-эль-Мандеб маңында зымырандары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын сайлап, шабуылға сақадай дайын тұр. Егер жағдай бақылаудан шығатын болса, жаһандық сауда мен энергетикалық дағдарыс одан сайын ушығуы мүмкін. Халықаралық шолушы Фариза Жанғанаеваға сөз берейік.
Қызыл теңізге төнетін қауіп күшейді
Қызыл теңіз арқылы әлемдік сауданың 12%-ы өтеді. Жерорта теңізі мен Үнді мұхитын байланыстыратын маңызды су жолы. Талай жыл Еуропа мен Азияның арасындағы алтын
Картаға зер салсақ, Израиль, Иордания, Мысыр, Сауд Арабиясы, Судан, Эритрея, Джибути мен Йемен елдері теңіз жағасында жатыр.
Ал қазір хуситтер Баб-эль-Мандеб бұғазын торуылдап жүр. Бұл Араб түбегіндегі Йеменді Африка мүйісіндегі Джибути мен Эритреядан бөліп тұратын, ең тар жері шамамен 30 шақырым болатын шағын бұғаз. Осы жермен әлемдік теңіз тасымалының шамамен 10-15 пайызы өтеді. Егер бұғаз жабылса кемелер Үміт мүйісін айналып өтуге мәжбүр болады. Бұл әлдеқайда ұзақ жол. Сондай-ақ Азия мен Еуропа арасындағы рейс мерзіміне екі-үш апта қосылып, тасымалдау құны да екі есе артады, деп болжайды сарапшылар.
Петрас Катинас, Rusi Ұлыбританиядағы біріккен қорғаныс зерттеу институтының ғылыми қызметкері:
- Қызыл теңіз бағытының стратегиялық маңызы айтарлықтай арып келеді. Өйткені ол ұзақ уақыт бойы Еуропа мен Азияны байланыстыратын қарапайым транзиттік дәліз ғана болса, қазірде Ормуз бұғазына балама негізгі бағыттардың біріне айналды. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Ормуз бұғазындағы тасымалдың үзілуіне байланысты мұнай өндірушілер мен трейдерлер балама жолдарды іздей бастады. Соның нәтижесінде Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы тасымалданатын мұнай көлемі тәулігіне шамамен 5,4 миллион баррельге дейін өсті. Яғни қазіргі таңда бұл теңіз Ормуз бұғазын айналып өтетін маңызды балама бағыттың қызметін атқарып отыр.
Қызыл теңізге төнетін қауіп күшейді
Ормуз бұғазындағы тасымал қиындағалы Қызыл теңіз Парсы шығанағынан мұнай мен өзге де энергия ресурстарын әлемдік нарыққа жеткізетін негізгі балама бағытқа айналған. Егер ол жабылса, жаһандық энергетикалық дағдарыс одан әрі ушығары сөзсіз. Өйткені Таяу Шығыстағы мұнай экспорттайтын екі маңызды теңіз дәлізі – Ормуз және Баб-эль-Мандеб бұғаздары қатарынан істен шығады. Ормузда жағдай шиелініскеннен кейін, Сауд Арабиясы күнделікті экспорттайтын шикі мұнайының 70 пайыздан астамын Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу порты арқылы жөнелте бастады. Kpler деректеріне сүйенсек, кейінгі аптада Янбу портынан тәулігіне орта есеппен 4 миллион баррель мұнай жөнелтілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі тәулігіне 973 мың баррель көрсеткішінен бірнеше есе жоғары. Маусым айында Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы күніне 7,4 миллион баррель мұнай тасымалданған. Бұл әлемдік мұнай өндірісінің шамамен 7 пайызына тең. Былтыр бұл көрсеткіш тәулігіне 4,2 миллион баррель болған.
Петрас Катинас, Rusi Ұлыбританиядағы біріккен қорғаныс зерттеу институтының ғылыми қызметкері:
- Бұл әсіресе Сауд Арабиясы үшін аса маңызды. Себебі бұл елдегі «Шығыс – Батыс» мұнай құбыры шығысындағы мұнай кен орындарынан Қызыл теңіз жағалауына тәулігіне 7 миллион баррельге дейін мұнай тасымалдауға қауқарлы. Янбу порты арқылы тәулігіне шамамен 5 миллион баррель мұнайды экспорттауға мүмкіндік бар.
Дәл осы бағыт әлемдік мұнай нарығын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Алайда Йемендегі хуситтер тақауда Сауд Арабиясындағы халықаралық әуежайға әуе шабуылдарын жасады.
Еуроодақ қызыл теңіздегі әскерін күшейтеді
Хуситтердің кез келген шабуылын тойтару үшін Еуроодақ Қызыл теңізде қауіпсіздікті күшейтпек. Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы Еуропаға мұнай мен газдың едәуір бөлігі импорталады. Ұйымның сыртқы саясатына жетекшілік ететін Кая Каллас Джибутиде Еуропа флотын күшейту бойынша жаңа келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, Atalanta және Aspides әскери-теңіз операциялары Джибутиден жүргізіледі. Бұл мемлекет Қызыл теңіздің оңтүстік кіреберісінде орналасқан. Стратегиялық орнына орай елде АҚШ, Франция, Қытай, Жапония, Италия және Германияның әскери базалары бар.
Кая Каллас, ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:
- Өңірдің бүкіл аумағында теңіз қауіпсіздігіне төнетін қысым күшейіп келеді. Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін сауда кемелеріне бірнеше мәрте жасаған шабуылдары АҚШ-пен арадағы уақытша келісімге нұқсан келтіріп отыр. Сонымен қатар Қызыл теңіздегі жағдай қайтадан күрделене түсті. Хуситтер тарапынан халықаралық кеме қатынасына төнетін қауіп жоғары. Олардың тақауда Сауд Арабиясына жасаған зымыран соққылары төрт жыл бойы сақталған бітімді бұзып, құрлықтағы тұрақсыздықтың теңіздегі тұрақсыздыққа ұласқанын көрсетеді.