Қырғызстан Көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр
31 тамызда Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады.
Дүбірлі додаға әлемнің 100-ге жуық елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысады деген жоспар бар. Қазір қырғыз жерінде бағы мен бабын сынайтын отандастарымыздың сайысқа дайындығы қызу.
1,5 айдан кейін Қырғызстан төрінде VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалауы желбірейді. Жарыс 43 спорт түрінен өтеді. Отандастарымыз соның барлығына қатысып, өнер көрсетуді жорспарлап отыр. Сәйкесінше қазірден ұлттық құрама жасақталып, бірнеше кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жиындары басталып кетті.
Нұркен Байбөриев, ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы:
- Оқу-жаттығу жиындарының көбісі таулы жерде өткізіліп жатыр. Өйткені Қырғызстанның жергілікті жағдайына бейімделуге оңай болсын деп.
Аударыспақ спортынан 6 салмақ дәрежесінде спортшылар іріктеліп алынды. Теңге ілу спортынан көшпенділер ойындарының ережесіне сәйкес 1 спортшы іріктеліп алынды. Ат та іріктеліп алынды. Дайындығын тамызда бастап, соңғы дайындықпен Қырғызстанға аттанады.
Ал көкпаршыларымыз 2-дайындық кезеңін өткізіп жатыр. Алғашында Алматы іргесіндегі олимпиадалық орталыққа жиналып, өзге спортшылармен бірге арнайы маманның көмегімен 20 шақты күн жаттықты. Қазір ат үстіндегі негізгі дайындықтарын пысықтауда. Яғни көкпар мен көкбөріден көшпенділер ойындарына дейін бас аяғы 4 жаттығу жиыны жоспарланған.
Нұркен Байбөриев, ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы:
- Қазір 40-тан астам атты жинап, спорттық аттарды іріктеу басталады. Екі команданы жасақтап шығарып, әрі қарай 3-этапқа өтеміз. 3-этапта да атпан тактикалық дайындық өтеді. 4-этапта Қырғызстан жеріне барып, ауа райына, жем-шөбіне бейімделіп, 10 күн дайындықтан өтеді.
Нұрдәулет Момынов, көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Азанда бір, түстен кейін бір... екі мезгіл жаттығу жасап жатырмыз. Балдар соған көніп, қазір бейімделіп қалды. Жеңіске деген жігеріміз күшті. Барып елімізді, жерімізді, халқымызды қуантуға бар күш-жігерімізді саламыз.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Ашылу салтанаты елдің Тәуелсіздік күніне орай 31 тамызда Бішкектегі «Бішкек Арена» стадионында ұйымдастырылады. Ал негізгі спорттық және мәдени іс-шаралар Ыстықкөл облысында өтеді.
Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат