Ливан мен Газадағы нысандар ЮНЕСКО тізіміне енді

ЮНЕСКО Батыс жағалаудағы ежелгі Себастия археологиялық кешенін және Ливанның оңтүстігіндегі Амель тауы маңында орналасқан бес ортағасырлық қамалды Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізді.

Ғалымдар ежелгі Себастия қаласын Інжілде аталған Израиль патшалығының астанасы болған көне Самария деп топшылайды. Бұл аумақтағы археологиялық олжалар сонау темір дәуірінен бастап Рим, Византия және ислам кезеңдерін қамтиды. Ал Ливандағы қамалдар шамамен тоғыз ғасырлық сәулет өнерінің дамуын көрсететін бірегей тарихи ескерткіш саналады. Мұндай шешімді ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитеті Израильдің қарсылығына қарамастан қабылдады. Израиль билігі халықаралық ұйым мәдени мұраны саяси күрестің құралына айналдырып, оны «қару ретінде пайдаланып отыр» деп мәлімдеді. Израиль 2019 жылы ЮНЕСКО құрамынан шығып, ұйымды бір жақты көзқарас танытты деп айыптаған болатын.