Ауғанстанда Коштепа каналының құрылысы жалғасып жатыр

Ауғанстанда Коштепа каналының құрылысы жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке сәйкес, жобаның екінші кезеңі аяқталды. Канал іске қосылғаннан кейін шамамен  550 мың гектар  жерді суғаруға мүмкіндік береді.

Алайда сарапшылар бұл жоба Әмудария өзенінің ағысына әсер етіп, Орталық Азиядағы су тапшылығын күшейтуі мүмкін екенін айтады. Осыған байланысты аймақ елдері трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр.

Ауғанстанда Коштепа каналын салу идеясы 1960 жылы пайда болған. Жобада Әмудария суын сорғы станциясы арқылы тұтыну көзделіпті. Ол әдіс тіршілік нәрін мейлінше үнемдеуге арналған. Ал тәліптердің қазіргі каналының ұзындығы 285 шақырым. Қазылған жерге өзен ағысын бұрып, толғаннан кейін, 550 мың гектар алқапты суармақ. Мамандарды алаңдатқан мәселе әлгі 550 мың гектар жердің 300 мыңы саз балшық. Ол жерге қанша су құйсаң да өсімдік шықпайды.          

Вадим Соколов, «Аралды қорғау» қорының директоры: 

- Құнарсыз жерге қанша су құйсаң да, ол жерге ештеңе шықпайды. Ауғандар ол ауданға көп су жұмсайды- деген болжам бар. 10-12 куб шақырымға дейін тіршілік нәрін жұмсауы мүмкін. Бұл дегеніміз қазіргі Әмудариядан келетін судың 15 пайызына тең. Бізде қазір клмиаттық өзгерістерге байланысты өзендердің деңейі төмендеді. Енді канал іске қосылса, тіптен қиындамақ. Біз оларға тосқауыл қоя алмаймыз. Ендігі міндет ауғандармен тығыз байланыс орнатып, осы мәселені бірге реттеу. 

Рас тәліптерге ешкім тосқауыл бола алмайды. Және өзен суларын пайдалануда Ауғандардың да үлесі бар. Тіпті Әмударияның бастауы Ауғанстаннан екенін ұмытпау керек. Ендігі міндет барға қанағат етіп, су үнемдеу технологиясын жетілдіру.

Акрамжон Неъматов, Өзбекстан стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының орынбасары:

- Орталық Азия елдері егемендік алғаннан кейін су шаруашылығы саласындағы келісімдерді жасау барысында келіссөздерге Ауғанстан тарапын тарту керектігі жайлы ұсыныс көтерді. Өйткені біз бұл мемлекетпен бір өзеннің суын бөлісіп отырмыз. Дегенмен ол кездері Ауғанстанда соғыс болып жатты. Бүгінгі таңда аталған елде жаңа билік орнады. Олар мемлекеттегі жағдайды тұрақтандыруға күш салып келеді. Тиісінше, қазір Ауғанстан тарапынан су мәселесіне қатысты диалогтарға қатысуға қызығушылық артқанын байқап отырмыз.

Алдағы 10 жылда Орталық Азияда су тапшылығы айтарлықтай сезілмек. Оған аймақтағы халық санының өсуімен климаттың өзгеруі әсер етеді. Сарапшылар қазірден бастап алдын алмаса, жағдай ушығады деп отыр.