Әлемде әрбір үшінші адам дұрыс тамақтанбайды
Әлемде әр үшінші адам дұрыс тамақтанбайды.
Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Ал мамандар айтуынша, сапалы, әрі пайдалы тамақ ішу өте маңызды. Егер дер кезінде бұл мәселенің алдын алмасақ, мұның салдары тым ауыр болмақ, - дейді. Әріптесім Зайнұр Байжігіт жалғастырады.
Көкөністер мен жемістер және балық, яғни сапалы әрі пайдалы тамақ әр адамның күнделікті ас мәзірінде болуға тиіс. Алайда кейінгі 5 жылда әлемде құнарлы азық-түлік бағасы 25 пайызға қымбаттаған. Бір адам дұрыс тамақтану үшін күніне 4 жарым доллар қажет. Ал әлемдегі ең төменгі күнкөріс шегі небәрі 3 долларға тең. Сондықтан ақуыз бен дәруменге бай тағамдар 2 млрд 690 млн адам үшін қолжетімсіз болып тұр.
Максимор Тореро, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бас экономисі:
- Калориясы көп, бірақ ағзаға ешқандай пайдасы жоқ өнімдер арзан тұрады. Ал құнарлы тамақтың құны күнделікті ас мәзірінен екі есе қымбат. Мәселен, жарма мен түйнеккүлдің калориясы жоғары. Бірақ, ағзаға пайдасы небәрі 13 пайыз. Ал жеміс-жидектер мен көкөністердің калориясы 5 пайыз ғана. Бірақ, шығыны тамаққа жұмсайтын ақшаның 16 пайызына тең. Сондықтан көбі денсаулыққа пайдалы тамақтан гөрі арзан әрі тез тойғызатын өнімдерді таңдайды.
Ал бағаның жоғары болуының бірнеше себебі бар. Құнарлы тағамдардың сақтау мерзімі қысқа, әрі тасымалдауы қымбат. Сондай-ақ органикалық өнімдер арнайы сертификаттаудан өтеді. Бұл да қосымша шығын.
Цюй Дунъюй, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бас директоры:
- Қазір көп елде жолдар сапасыз. Қоймалар жеткіліксіз. Өнімдерді сақтау талаптары тағы бар. Мұның бәрі жеміс-жидек, көкөніс пен төрт-түлік малдан алынатын өнімдердің бағасына әсер етеді. Сондықтан өндірушіден тұтынушыға дейін тиімді әрі қолжетімді жолмен жетуін қамтамасыз ету маңызды. Мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету керек.
Кейінгі жылдары астық бітік шыққан еді. Алайда қазір әлемнің біраз елінде тыңайтқыш тапшы. Бұған Ормуз бұғазының жабылуы себеп. Логистика, сосын жанармай бағасының өсуі де азық-түліктің қымбаттауына әкеп соғады. Демек, алдағы уақытта арзан тағамдарды тұтыну артпаса кемімейді. Ал дұрыс тамақтанбау диабет мен жүрек қан-тамырлары ауруларының көбеюіне әкеледі, - дейді мамандар.