150 жыл бұрын оқуға алынған кітап кітапханаға қайтарылды
Аустралияның Киама қаласындағы қоғамдық кітапханаға 150 жылға жуық уақыт бұрын алынған кітап қайтарылды. «Афина антикалық ескерткіштері» атты еңбек үйді жөндеу кезінде табылған, деп хабарлайды «24KZ» Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
Кітапты жергілікті тұрғын Росс Симмонс тауып алған. Оның айтуынша, кітап жабық тұрған пештің ішіне қаланған шай салатын жәшіктің арасынан шыққан. Жылдар бойы ылғал әсерінен кітаптың кей беттері бүлінген.
Киама кітапханасының басшысы Мишель Хадсонның мәліметінше, бұл – кітапхана тарихындағы ең ұзақ уақыттан кейін қайтарылған кітап.
Бізге мұндай ескі кітаптың қайта оралған кезі болған емес, – деді кітапхана басшысы.
«Antiquities of Athens» («Афина антикалық ескерткіштері») кітабы 1858 жылы жарық көрген. Ол 1872 жылы ашылған Киама кітапханасының алғашқы қорындағы шамамен 1000 кітаптың ішінде 506-нөмірмен тіркелген.
Росс Симмонс кітапты оның үлкен атасы Джон Симмонс алған болуы мүмкін деп болжайды. Ол кезде Джон Симмонс кітап табылған үйде тұрған.
Кітапхана өкілдерінің айтуынша, егер кешіктірілгені үшін айыппұл есептелсе, оның мөлшері инфляцияны ескергенде шамамен 28 мың австралия долларына (19,5 мың АҚШ доллары) жетуі мүмкін. Себебі кітаптың ішкі мұқабасында 1872 жылы қолданылған ереже бойынша аптасына үш пенс көлеміндегі төлем көрсетілген.
Алайда кітапты соңғы рет кім алғаны белгісіз. Кітапхананың 1870 жылдардағы оқырмандар туралы жазбалары сақталмаған.
Сол кезеңдегі ережелер бойынша кітапты қайтармайынша және қарызын өтемейінше, оқырманға басқа кітап алуға рұқсат берілмеген. Мамандар кітаптың уақытында қайтарылмауына осы себеп болуы мүмкін екенін айтады.
XIX ғасырдағы кітапхана талаптарының арасында үйден кітап алуға отбасы мүшелерінің кемінде алтауы сауатты болуы керек деген шарт та болған. Сондай-ақ кітапханаға мас күйінде келген адамдарға қызмет көрсетілмеген.
Қазір 150 жылдық тарихы бар кітап қайтадан оқырмандарға берілмейді. Ол кітапхананың жергілікті тарих бөліміне қойылады.
Біз бұл кітапты қайтадан бермейміз. Тағы 150 жыл күтіп отырғымыз келмейді, – деді Мишель Хадсон.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз