24 жастағы футболшыға матч кезінде найзағай түсіп, қаза тапты
Таиландтық футболшы Софван Авэ елдің оңтүстігінде өткен матч кезінде найзағай соққысынан көз жұмды. Оқиға салдарынан тағы тоғыз ойыншы жарақат алды, деп хабарлайды 24KZ .
Қайғылы жағдай 4 тамызда Наратхиват провинциясында өткен Golok FA Cup 2026 аймақтық турнирі кезінде болған. Жарысқа Таиланд пен Малайзия командалары қатысқан.
Әлеуметтік желілерде найзағай түскен сәттің видеосы тарады. Кадрларда жарқылдан кейін бірнеше футболшының алаңға құлағаны көрінеді. Матч ауа райының нашарлауына және нөсер жаңбырға қарамастан жалғасқан. Найзағай футбол алаңының ортасына түсіп, сол сәтте алаңда көптеген ойыншы болған.
Қаза тапқан футболшы 24 жаста болған. Команда мүшелері Софван Авэге алаңның өзінде алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Оқиға салдарынан Таиландтың тағы сегіз азаматы ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ Малайзиядан келген бір футболшы жарақат алып, әрі қарай ем қабылдау үшін еліне жөнелтілген.