Оңтүстік Корея Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қылмыспен күрестегі қолдауы үшін алғыс айтты

фото: Yonhap News Agency

Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мён Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстауға және оларды елге қайтаруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл туралы Оңтүстік Корея басшысы әлеуметтік желідегі X парақшасында жазды.

Ли Чжэ Мённың айтуынша, Оңтүстік Корея азаматтарына қатысты телефон алаяқтығын жасаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері Камбоджа мен Вьетнам арқылы Қазақстанға заңсыз кірген.

Күдіктілер Қазақстан аумағында ұсталған. Араға екі апта салып олар Оңтүстік Кореяға толықтай қайтарылды. Қазіргі уақытта оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ұстау шарасынан бастап елге жеткізуге дейінгі жұмыстың жедел атқарылуы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауы мен ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және тиісті тараптарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз, – деп жазды Ли Чжэ Мён.

Сондай ақ, ол келесі айда өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, алғысын жеке білдіруге ниетті екенін айтты.