Жапонияда нөсер жаңбырдан жеті адам қаза тауып, мыңдаған жолаушы әуежайда қалып қойды

Фото: depositphotos.com

Жапонияның Токиоға жақын Тиба аймағында толассыз жауған нөсер салдарынан жеті адам қаза тауып, мыңдаған жолаушы әуежайда қалып қойды, деп хабарлайды 24KZ.

Нөсер жаңбыр 13 тамыз кешке басталған. Тиба қаласында 24 сағат ішінде 367 миллиметр жауын-шашын түскен. Бұл – бақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ бұл тамыз айындағы орташа айлық мөлшерден үш еседен көп.

Қаза тапқандар арасында Итикава, Сакура, Ятиё, Тиба және Касива қалаларының тұрғындары бар. Кейбір адамдар су басқан жолдарда көліктерінің ішінде қалып қойған.

Қолайсыз ауа райы көлік қозғалысына да кедергі келтірді. Пойыздар мен автобустардың тоқтатылуына байланысты Нарита халықаралық әуежайының терминалдарында шамамен 6600 жолаушы түнеуге мәжбүр болған. Оларға ұйықтауға арналған қаптар берілді.

Токио мен Нарита әуежайын байланыстыратын Narita Express пойыздарының барлығы 14 тамыздың соңына дейін тоқтатылды. Әуежайға қатынайтын басқа теміржол бағыттарында да пойыз саны қысқартылды. Префектурадағы кейбір автожолдар әлі жабық.

Бұдан бөлек, Тиба қаласындағы теміржол станцияларының бірінде тағы 4000-ға жуық адам қалып қойған. Оларды уақытша орналастыру орындарына жеткізу үшін әскерилер автобустар жіберді.

Тиба префектурасында 95 мыңнан астам тұрғынға ең жоғары, бесінші деңгейдегі ескерту жарияланды. Тағы шамамен 102 мың адамға эвакуация туралы нұсқау берілді.

Табиғи апат салдарынан 23 мыңнан астам үй электр жарығынсыз қалды. Ятиё мен Сакура қалаларында шамамен 13 мың абонентке газ беру уақытша тоқтатылды. Оннан астам медициналық мекеме су тасқыны және басқа да зақымдар туралы хабарлаған.

Метеорологтар өңірде қатты найзағай мен нөсер 15 тамыз таңына дейін жалғасуы мүмкін екенін ескертті. Топырақтың суға қанығуы көшкін, жаңа су тасқыны және өзендердің арнасынан шығу қаупін арттырып отыр.