Құрылтай сайлауында Ресейдің бес қаласында дауыс беру учаскелері жұмыс істейді
Құрылтай сайлауына көрші Ресейде де қызу дайындық жүріп жатыр.
Қазақстан азаматтары елдегі 5 қалада орналасқан учаскелерде дауыс бере алады.
Тахмина жолдасы екеуі – Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері. Қазір оның күйеуі Мәскеуде 2 жылдық біліктілігін арттыру бағдарламасынан өтіп жатыр. Ресейде уақытша тұрса да олар сайлауға қатысу әр азаматтың парызы деп біледі.
Тахмина Исламова, Қазақстан азаматы:
"Жаңа Парламентті халықтың үні деп білемін. Ол жерде ел тағдырына қатысты түрлі пікірталас жүреді. Қазақстанның әр азаматы өз мемлекетінің саяси өміріне белсене қатысуы керек деп есептеймін".
24 жастағы алматылық Сақина Ресей үкіметінің жанындағы Қаржы университетінде оқиды әрі жұмыс істейді. Бірақ ол жырақта жүрсе де сайлауалды науқанды жіті бақылап, дауыс беруді жоспарлап отыр.
Сақина Мұқаева, РФ Үкіметі жанындағы қаржы университетінің студенті:
"Қазақ халқы ежелден жалпыхалықтық дауыс беруді ерекше құрметтеген. Біз мұндай іс-шарадан тыс қала алмаймыз. Оның үстіне, бұл сайлауда еліміздің болашақ тағдыры айқындалады. Әрине мен 23 тамызда Мәскеудегі Қазақстан елшілігіне барып, дауысымды беремін. Сол үшін алдын ала өтініш пен өз мәліметтерімізді береміз. Бәрі сәтті өтсін!"
Қазақстан азаматтарына 23 тамызда Ресейдің 5 қаласы: Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Астрахан мен Омбыдағы учаскелерде дауыс беруге болады. Бұл үшін отандастарымыз төлқұжат немесе жеке куәлігін көрсетуі қажет.
Ернат Қашқынов, Наргиз Рақымжан