Түркияда әрбір төртінші жеткіншек еңбек етеді
Ресми статистика бойынша 15-17 жастағы жасөспірімдердің 25%-ы жұмыс істейді.
Әсіресе балалардың ауыл шаруашылығындағы маусымдық еңбекке араласуы жиі кездеседі. Сарапшылар мұны отбасылардың әлеуметтік жағдайымен байланыстырады. Ал түрік заңы жеткіншектердің еңбек етуіне қандай шектеу қояды және елде бұл мәселе қалай реттеледі?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Жаздың соңғы күндері өтіп, балалардың қайтадан мектепке қамданатын шағы жақындап келеді. Осы үш айда бір бала ойын қуып, бірі білімге ден қойса, енді бірі еңбекке араласып, отбасына қолғабыс етіп жүр. Түркия көшелерінен де нәпақасын еңбекпен тауып жүрген жеткіншектерді жиі кездестіруге болады. Бірақ баланың еңбекке араласуы қай кезде қалыпты, ал қай кезде оның құқығын бұзуға айналады? Мәселенің мәнісін зерттеп көрдік.
17 жастағы Эйүп Ышык 2 жыл бұрын еңбекке араласа бастаған. Былтыр ойыншық сатып, пайда тапқан жеткіншек, бұл жолы университет маңайында ақпараттық үнпарақтар таратып жүр. Күнделікті 5 сағат жұмыс істеп, шамамен 10 мың теңге табыс табамын, дейді.
Эйүп Ышык, мектеп оқушысы:
- Оқу жылы басталмай тұрып, мектепке керек-жарағыма қаражат жинап жүрмін. Кейде шаршаймын, жұмыс істеу оңай емес. Бірақ табысы жаман емес. Ата-анамның хабары бар, оларға салмақ салғым келмейді.
Түркияның қолданыстағы заңына сәйкес, 15 жасқа толған мектепті тәмамдаған жасөспірімдер күніне 8, аптасына 40 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Ал бұл жастағы әлі білім алатын балалар үшін талап әлдеқайда қатаң. Еңбек кестесі аптасына 10 сағаттан аспауы тиіс.
Кенжетай Әліп, заңгер:
- Түркияда 15 жасқа толмаған балалардың еңбекке араласуы заңсыз. Жұмыс берушінің жазасы әкімшілік айыппұлмен шектелмейді, қылмыстық іс те қозғалады. Ал 15 жасқа толған және бастауыш білімін аяқтаған балалар заңда белгіленген сағат бойынша жұмыс істей алады. Жұмыс беруші заң талаптарын бұзса, 26650 лира айыппұл төлейді.
Жергілікті статистика институтының мәліметіне сәйкес, Түркияда жұмысқа жегілген жасөспірімдердің шамамен 36%-ы отбасына көмектесу үшін еңбек етуге мәжбүр. Әсіресе, ер балалардың үлесі басым. Жеткіншектер ата-анасымен үнемі көшіп қонып жүретіндіктен оқуынан қол үзіп қалады. Сондықтан сарапшылар баланы күнкөріс қамы үшін еңбекке жегуден бұрын кәсіптік білімге бағыттау қажеттігін айтады.
Хайрунниса Өздемир, Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің профессоры:
- Қазір Түркияда университет бітіргенімен, мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастар көп. Сондықтан балаларды жас кезінен кәсіптік білімге бағыттау қажет. Бұл болашақта жұмыссыздықты азайтып, жастардың қылмыстық немесе заңсыз топтардың ықпалына түсу қаупін төмендетуі мүмкін. Кейін олар сол кәсібінің арқасында күн көріп, қоғамнан өз орнын таба алады.
Ал ата-аналар бала қолына кетпен емес, кітап ұстап, балалық шағын сезініп өсуі керек деген пікірде.
БЛИЦ
- Отбасының күнкөрісі балалардың еңбек күшіне тәуелді болмауы керек. Балалар ең алдымен, балалық шағын өткізуі керек деп есептеймін.
- Балалар мектепке барып, білім алуы керек. Көбіне олар маусымдық жұмыстарға тартылады. Негізінен, тұрмысы төмен отбасылардың балалары жұмыс істеуге мәжбүр.
Балаға кәсіп үйрету келешегіне жарқын жол ашуы мүмкін. Алайда еңбек оның білімін тежеп, денсаулығына зиян келтірмеуі тиіс. Ең бастысы, баланы күнкөрістің қамытынан қорғап, білім арқылы кәсіпке баулу. Сарапшылардың пайымы осындай.
Ә. Нұрлыбаева