Ормузда уақытша дәліз ашылуы мүмкін
Енді Ормуз бұғазында кеме қатынасын қайта жандандыратын уақытша теңіз дәлізі ашылуы мүмкін. Бұл туралы Иран мен Оман сыртқы істер министрлері Тегерандағы келіссөзден кейін мәлімдеді.
Тараптар кемелердің қауіпсіз өтуіне арналған ортақ бағытты іске қосу шарттарын пысықтап жатыр. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп су бағытындағы барлық теңіз миналары тазартылғанын мәлімдеген. Алайда аймақтағы қауіп әлі сейілген жоқ. Кеше Оман жағалауынан 17 шақырым жерде мұнай танкеріне белгісіз снаряд тиіп, кеме қозғалысын тоқтатуға мәжбүр болды. Тегеран мен Вашингтонның арасындағы әскери қимылдар бәсеңдегенімен, келіссөздер әзірге ілгерілемей тұр.