Франкфурт әуежайында безгек жұқтырған алты қызметкердің бірі қайтыс болды
Германияның Франкфурт әуежайында алты қызметкер безгек жұқтырды. Олардың бірі қайтыс болды, деп хабарлайды «24KZ» BILD басылымына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, ауруды әуежайға ұшақпен келген жұқпалы маса таратуы мүмкін. Инфекция жұқтырғандардың барлығы багаж өңдеу бөлімінде жұмыс істеген. Қалған бес қызметкер қазір ем қабылдап жатыр.
Әуежайда маса тұзақтары орнатылып, ұсталған жәндіктер зертханада тексеріліп жатыр. Мамандар олардың түрі мен шыққан жерін анықтамақ.
Роберт Кох институтының мәліметінше, мұндай жолмен тараған «әуежай безгегі» Германияда өте сирек кездеседі. Соңғы осындай жағдай 2023 жылы осы Франкфурт әуежайында тіркелген.
Безгекті Anopheles тұқымдасына жататын масалар таратады. Ауру дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бас және бұлшықет ауыруы сияқты белгілермен басталады. Ауыр жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз