Бішкек: спорт пен саясат тоғысқан күн

Алатаудың ар жағындағы ағайын бұл күндері үлкен дүбірге дайындалып жатыр.

Бішкекте Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті өтеді. Осы маңызды шараларға қатысу үшін Қырғызстанға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы барды. Қазақ пен қырғыздың тамыры терең туыстығы мұндай сәттерде тағы бір анық көрінеді. Бішкек жұрты қазақ елі мен бауырластық туралы не дейді? 

Алатаудың етегіндегі айыр қалпақты ағайындар мәртебелі қонақтарды қарсы алуға дайын. Осы күндері Қырғызстан астанасына жер жаһаннан туристер де көптеп келген. Көздегендері бір. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалау. Мәселен, Элиза Кюндиг Швейцариядан арнайы ат басын бұрған. Альпы тауларынан Алатаудың баурайына Батыс Еуропадан он жақты жиһанкез келген екен.

Элиза Кюндинг, саяхатшы:

- Біз саяхаттағанды өте жақсы көреміз. Сол себепті бұрын барып көрмеген Қырғызстан мен Өзбекстанға келуді шештік. Бұл елдер арқылы Ұлы Жібек жолының бір бөлігі өткен ғой. Бізді ең алдымен осы тарих қызықтырды. Қырғызстан туралы бұған дейін де көп естігенбіз. Шынында да, өте қызықты, табиғаты әсем, таза әрі ұқыпты ел екен. Мұнда көретін дүние өте көп.

Негізі дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден астам елдің өкілдері жиналмақ. Олар ұлттық спорттың 43 түрінен бақ сынасады. Ел намысын қорғайтын саңлақтардың да саны 150-ден асады. 

- Бауырластык. Бир тууган. Казақсыз кыргыз, кыргызсыз казак эч бир ажыратылбайт да. 

- Муну ажыраткан акмак. Ошону сүйлөгөн акмак. Ошондай кабыл алып жүргөн акмак. Эч ажыратпаш керек, айырмалабаш керек. 

Иә, ұлттық спортымыз – көкпар мен көк бөріде қазақ пен қырғыз алысып-жұлысқанымен, бауырластық еш жоғалмаған. Мұны Бішкек тұрғыны Маматқасым Зайналов та айтып отыр. Кезінде Қазақстанда әскердегі мерзімді борышын өтеген абыз ақсақал қазақ бауырлары жайлы жылы естеліктерін жиі еске алады екен. 

Маматқасым Зайналов, Бішкек қаласының тұрғыны:

- Эми айылда жүрөбүз, казакты көргөн эмеспиз. Ошондо көрүп, «Кыргыз экен» деп эле кыргызга баратам да. Бирок казак. Өңү окшоштугу, жүрүш-турушу, айырмасы жок экен, мен айырмалай албадым. Казак жөнүндө мендеги түшүнүк ушунчалык жакында, близкий. Ажыраткысы келсе, мен ажырата билбейм аны. Кыргыздай кабыл алам. Өңү бир, түсү бир, анан шарты дагы окшош да.

Соның бір мысалы 3 жыл бұрын Түркияда болған жойқын жер сілкінісі. Табиғи апат аймағында қалып қойған Қырғызстан азаматтарын Қазақстан арнайы эвакуациялық бортпен елге алып шығып, Астанаға жеткізген. Сол ұшақпен үйіне аман оралғандардың қатарында Сырға Токчулокова да болған. Қиын сәтте шекараға қарамай қол ұшын созған қазақ халқына шексіз алғысын білдіруде. 

Сырға Токчулокова, Ош қаласының тұрғыны:

- Ошондо аякта Газиантепте кыргыздар да көп экен, и казактар да көп экен, ошо жакта окуган студент кыздар-балдар бар экен да. Баарыбыз чогуу ошо учакта учуп келип, анан Астанага кондук. Астанадан тосуп алышып, бизди сыйлашты, жакшы коноктошту. Анан «тамак ичесиңерби, жаткыла, эс алгыла» деп баарыбызды жакшы эме кылды да. 

Міне қазақтар жайлы жылы лебіздерін білдіріп отырған бауырлас ел Алатаудың ар жағынан қазақ басшысының келуін де асыға күтіп отыр. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке жұмыс сапарымен келіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммитіне қатыспақ. Екі бірдей маңызды іс-шараны қабылдап отырған Қырғыз еліне 10-нан астам мемлекеттің басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері келеді деп күтіледі.

Риат Шони, Асхат Серікұлы, Ділмұрат Сейдаханов

Сондай-ақ оқыңыз: