Алдағы қыста аюлар ұйқыға кетпеуі мүмкін

АҚШ-та аюлар үйге кіріп кетіп жатыр.

Өйткені орманда қорек азайған.

Қоректің азаюына қуаңшылық себеп. Ендігі мәселе аю қар түскенше, бойына май жинап үлгермесе, қыста ұйықтамауы да кәдік дейді мамандар. Жазда жеміс-жидек жеп, өзімен өзі жүрген маймақ қыстың ызғарында қорек таппай ашуға мінсе не болмақ?!

АҚШ-та тұрғындар аюлар түсірілген мұндай бейнероликтерді жиі жариялайтын болған. Соның бірін әлеуметтік желіге Колорадо штатының тұрғыны Мэтт Эрико да салды. Жас жігіт жуыну бөлмесінен шыққанда күтпеген екі қонақты көріп, не істерін білмей есі шығып кеткенін айтады. Бірақ қонжықтар үй иесін одан әрі шошытпайық дегендей бұрылып кетіп қалған. 

Мэтт Эррико, жергілікті тұрғын: 

- Осыған дейін аулада тұрған қоқыс жәшігін аралап, шашып кететін. Бірақ бұрын үйдің ішіне кірген емес. Екеуі де кішкентай. Ең қызығы, қонжықтар маған үнсіз ұзақ қарап тұрды. Кетіңдер деген соң ғана далаға жүгіріп шықты. Басында "енесі есіктің сыртында тұрса, не істеймін?" деп қатты қорықтым. 

Аюдың негізгі азығы - бұл жеміс, жаңғақ, өсімдік және шөп. Бірақ биыл қуаңшылықтан орманда қорек аз. Сондықтан әдетте етекке түспейтін аңдар елді мекендердің ішіне кіріп кететінді шығарған. Алайда мұның салдары ауыр. Көп аю тоққа түсіп не көлікке соғылып өледі немесе адамдар "қауіп төндірді" деп атып тастайды. Мәселен, биыл тек Нью-Мексиконың өзінде 200-ге жуық, Ютада - 40, ал Монтанада 20-дан астам аю өлтірілді. 

Хизер Райх, Невада штаты жабайы табиғат департаментінің бұрынғы жетекшісі:

- Қазір Солтүстік Америкада қоңыр аюдың саны 950 мыңға жетеді. АҚШ-ты алсақ, тек Колорадода оның саны 20 мыңға дейін жетті. Бірақ оның саны көбейгенімен табиғатта қорек аз. 

Мамандар аңның бұл түрі тазыдан бірнеше есе иісшіл келетінін айтады. Сондықтан мұнда тұрғындарға қоқысты көшеде қалдырмауға, құстарға арналған жемді жоғары жерге ілуге, жемісті уақытылы теріп алуға кеңес берілді. 

Хизер Райх, Невада штаты жабайы табиғат департаментінің бұрынғы жетекшісі:

- Биыл әріптестерім аюлар елді мекендерге еркін келгіштеп жүр, дейді. Күзде олар бойына май қорын жинап, қысқы ұйқыға дайындалуы керек. Сондықтан алдағы 2 айда адамдарға төнетін қауіп күшейе түсетін шығар. 

Биыл Колорадода аюлар адамға 5 рет шабуыл жасаған. Табиғат жанашылары "жыртқышты өлтірмей, үркітіп, орманға қайтаруға болады" деп санайды. Тұрғындарға қала маңындағы орманға бармауға, қараңғы түскен соң үйден шықпауға және аңнан қорғану үшін қоңырау іліп жүру керектігі ескертілді. Ал ғалымдар қоңыр аю климаттың өзгерісіне бейімделе ала ма деп алаңдайды. Өйткені қуаңшылық ұзаққа созылып, қыс жылы болса, жыртқыш адамның тамағына үйреніп, қысқы ұйқыға кетпейді, деп отыр. 

Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: