Қазақстан мен Лаос: құрлықтық тасымал мүмкіндіктері
Географиялық тағдырлас елдер тасымал мәселесін талқылайды. Қазақстан мен Лаос – мұхитқа шыға алмайтын мемлекеттер. Тіпті құрлықпен қатынасы да қиын. Бірақ тараптарды қос халықаралық ұйым байланыстырады. Лаос Шанхай ынтымақтастық ұйымында «диалог бойынша серіктес» мәртебесіне ие болса, Қазақстан - соның мүшесі. Бұдан бөлек Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесте де бастары түйіседі.
Қазақстан - мүшесі, ал Лаос - бақылаушы мемлекет. Демек, екі жақтың да инфрақұрылымдық әрі көлік-логистикалық мүмкіндіктері бар. Мысалы, біз Орталық Азия мен Каспий бағыттарын ұсынсақ, Лаос Оңтүстік-Шығыс Азиядағы логистикалық хабқа айналуды көздейді. Негізгі түйістіруші тізбек – «Қазақстан – Қытай – Лаос» теміржолы. Егер осы жобалар жолға қойылса алыстан арбалауға әбден болады. Бірақ, әзірге дорбалап қана жүрміз. Биыл арадағы сауда айналымы 428 мың долларға жуықтаған. Былтырмен салыстырғанда көрсеткіш 10 пайыздай төмендеп кеткен. Өткен жылы керісінше өсім бар еді. 1 млн доллардан асқан. 2024 жылмен салыстырғанда 17 пайыздай жоғары сауда жасалған. Лаостан киім-кешек пен микрофон, дауыс зорайтқышы сияқты құрылғылар тасымалданады. Қазақстан өндірістік-техникалық тексеріс пен өлшеу құралдарын экспорттайды. Алайда, бүгінгі көрсеткіш көңіл көншітпейді. Айтпақшы, екі елдің де негізгі ас мәзірі ет. Сондықтан бізге тағы бір мүмкіндік туып отыр.