Өзбекстандағы мектепке Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді
Өзбекстанның Ташкент облысындағы Қараманас ауылында №34 мектепке қазақтың көрнекті қаламгері Рахметолла Райымқұловтың аты берілді. Бір кездері осы ауылдан білім іздеп Ташкентке аттанған жасөспірімнің есімі енді өзі туған жерде білім алатын балаларға аманат болып отыр.
Қараманастағы №34 мектептің тарихы 1936 жылдан басталады. Бүгінде мұнда 497 оқушы білім алып, 34 мұғалім еңбек етеді. Білім ордасына қаламгердің атын беру рәсіміне Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен оқушылар, Рахметолла Райымқұловтың ұрпақтары қатысты.
Мәлік Отарбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:
- Бұл – бір қаламгердің есімін ұлықтаумен ғана шектелмейтін, мәні терең бастама. Бұл – қазақ пен өзбек халықтарының ортақ рухани құндылықтарына, әдебиеті мен мәдениетіне деген құрметтің жарқын көрінісі.
Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы осы Қараманаста дүниеге келген. Оның өмір жолы Ташкентпен де тығыз байланысты. Кейін Қазақстанда еңбек етіп, әдебиет пен журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Бүгінгі іс-шараға қаламгердің қызы Ақтоты Райымқұлова да арнайы келді. Ол үшін әкесінің туған жеріндегі бұл күннің орны бөлек.
Ақтоты Рахметоллақызы, жазушының қызы:
- 14 жасында жалаңаяқ Ташкентке оқу оқимын деп кетіп, содан бері педтехникумда оқып, осында ұстаздық жасап, Алға деген редакцияда газетінде бас редактор болып, одан кейін педагогикалық университетте Ташкентке түсіп, одан кейін товарный пойызға отырып, өзі ешкімнің көмегінсіз Алматыға барып, Алматының комунистік-журналистік институтына түскен болатын. Содан бері Қазақстанда үлкен лауазымды жұмыстарында болды. Өзінің ең маңызды кітаптарын жазды.
Мектепте Рахметолла Райымқұловқа арналған музей ашылды. Кітапхана қоры да толықтырылды. Енді мұндағы оқушылар қаламгердің өмірі мен шығармашылығын осы жердегі жаңа мұра арқылы танымақ. Қараманастан үлкен арманмен аттанған жасөспірімнің есімі ондаған жылдардан кейін туған ауылындағы білім ордасына қайта оралды. Қаламгер мұрасы осылайша жаңа буынмен жалғасын таппақ.
Авторы: Ерлік Модрахман