БҰҰ АҚШ пен Иранды келіссөзге шақырды
Иран АҚШ-тың жақында жасаған шабуылдарын қатаң айыптады. Ислам республикасының Сыртқы істер министрлігі: "Бірнеше провинциядағы азаматтық нысандарды атқылау – халықаралық құқықты бұзу және әскери қылмыс" - деп мәлімдеді. Ал Дональд Трамп: "Жаңа соққылар жасаймыз, бірақ кейінгі кезде жанданған операция ұзаққа созылмайды" - деді.
Осы аралықта Біріккен Ұлттар Ұйымы Вашингтон мен Тегеранды ұрыс қимылдарын дереу тоқтатып, келіссөз үстеліне оралуға шақырды. Халықаралық қауымдастық қарулы қақтығысты жалғастыру бейбіт халық үшін үлкен нәубет екенін еске салды. Айта кетейік, осының алдында Штаттар Иранның оңтүстігіндегі әскери нысандарды бомбалады. Шабуылдан 5 адам қаза тауып, 70-тен астам кісі жараланған. Орталық қолбасшылық: "Бұл Тегеранның Ормуз бұғазын миналауына қарсы операция", - деді. Парсы елінің әскері қарымта ретінде АҚШ-тың Ирак, Иордания және Бахрейндегі базаларына соққы жасады.