Сұңқар саудасы рекорд жаңартты
Араб Әмірліктерінде тағы бір рекорд жаңарды. Абу Дабиде өткен құсбегілер көрмесінде сирек кездесетін сұңқар 1 жарым млн дирхам, біздіңше 186 млн теңгеге сатылды.
Жергілікті бәссауда тарихында бұрын-соңды мұндай баға болмаған.
Ресми дерек бойынша Әмірлікте ителгі саны 28 мыңға жетіп отыр. Оның қатары жыл сайын толығады. Саятшылық бұл жақта туризмнің бір бағыты іспетті. Атпен аң қағып, қаршыға, лашынға ілдіру жағынан бізге ұқсайды.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Араб елдеріндегі құсбегілік тарихы тереңнен тамыр тартады. Бұрын бұл өлкеде жұрт сұңқармен аң-құс аулап, азығын түзден айырған. Қазір жағдай басқа. Дегенмен ителгі баптау ұмыт қалған жоқ. Керісінше ұлттық құндылықтың бір бөлшегі ретінде танымал.
Кейінгі кезде арабтар сұңқар атаулыға ерекше ынтызар бола бастады. Өйткені елде саятшылық қайта жаңғырып келеді. Тұйғынға томаға кигізіп, қолға үйретуге қисапсыз қаржы салынған. Бірер күн бұрын жергілікті бәссаудада АҚШ-тан жеткізілген ақ сұңқар 410 мың долларға сатылды. Бұған дейін аукционда мұндай баға болмаған.
Ахмед Әл Шамси, Сұңқар фермасының иесі:
- Баға әртүрлі. Менің фермамдағы сұңқарлардың бағасы 25 мың дирхамнан басталып, 100 мыңнан асады. Мәселен, мына қыран құс Моңғолиядан әкелінген. Қазір екі айлық. Осындай кезінен бастап әдетте саудаға шығарамыз. Арабтар үшін саятшылық – ата дәстүр. Бабаларымыз сұңқар баптап, аң-құсқа салып, азығын түзден айырған. Жыл сайын Әмірлікке 3 мың сұңқар әкелінеді. Өйткені нарық өте үлкен.
Құсбегілік - бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұрасына айналған кәсіп. Оны заманауи технология жетістіктерімен ұштастырып, кәнігі бизнеске айналдыруға ешкім де, ештеңе де кедергі емес. Бірақ аң қағып, құс ілгендер жануарлар дүниесін тез қалпына келтіруі шарт. Осы күні Әмірліктің ресми органдары елде 28 мың қыран құс барын анықтады. Әр қайсысына құжат берілген. Сондай-ақ емдеу орындары ашылған.
Сафея Мұхаммед Әл Мехрези, Сұңқарды емдеу орнының қызметкері
- Емдеу орнының ашылғанына көп уақыт болды. Содан бері 1 миллион бір жүз мыңнан астам шақырту түсті. Сұңқар саулығын бақылайтын зертханамыз бар. Түрлі емдеу тәсілдерін сонда сынақтан өткіземіз. Операция қажет болса, тиісті қызмет көрсететін ветеринар көп. Арнайы аппараттармен жабдықталған.
Араб даласында кең таралған саятшылық өнерді жергілікті жұрт орайын тауып, табысты кәсіпке айналдырып отыр. Бір ғана Әмірлікте бірнеше ферма құрылған. Ал әлемде осы салаға маманданған 200-дей мекеме бар. Ителгі, қаршыға сынды құстардың қазақ даласында да орны ерекше. Қыранды қолға үйреткен қос халықты осы құндылық өздігінен байланыстырып тұрғандай.
Авторы: Рауан Мыңбай