Түркияда тағы да орман өртеніп жатыр
Анталия провинциясында кеше кешкісін басталған қызыл жалын бір мезетте бірнеше елді мекенді шарпып үлгерген.
Жерорта теңізінің жағасындағы Адана провинциясында да өрт шықты. Қатты желдің кесірінен тілсіз жауды сөндіру қиынға соғып тұр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Жаз басталғалы Түркияның өрт сөндіру қызметі бір тыным тапқан жоқ. 1 маусымнан бері 27 провинцияда 100-ден астам орман өрті тіркелген. От қойды деген күдікпен 70 адам ұсталып, оның 16-сы қамауға алынды. Бұл туралы екі күн бұрын Түркияның Әділет министрі Ақын Гүрлек осылай деп мәлімдеген еді. Алайда ертесіне тағы бірнеше жасыл алқап отқа оранды. Кеше жергілікті уақытпен 16,25 шамасында Анталияның Ақсу ауданында басталған тілсіз жау демнің арасында бірнеше елді мекенді жайпап өткен. Қатты желдің әсерінен от шоқтары қала орталығына дейін жетті. Қауіпті аумақтағы тұрғындар шұғыл эвакуацияланып, үй-жайларын тастауға мәжбүр болды. Түтіннен уланып, зардап шеккен бірнеше тұрғын шұғыл ауруханаға жеткізілді. Ал өрт салдарынан 5 үй толығымен жанып кетті. Жылыжай орындары жарамсыз қалды. Тұрғындармен қатар Ақсудағы жануарларға күтім жасау орталығы да қауіпсіз жерге көшірілді.
Бұдан бөлек, кеше тағы Адана провинциясының Козан ауданында орман алқабы өртенді. Жалын ұшқындары бүгін таңда тағы бірнеше елді мекенге жеткен. Айта кетейін, Адана мен Анталия провинциясының арасы шамамен 600 шақырым. Қос өңір де Жерорта теңізінің жағасында орналасқан.
Қазір өрт болған аумаққа кіріп-шығуға шектеу қойылып, кейбір жолдар уақытша жабылды. Оқиға орнында ондаған техника, 100-ден астам өрт сөндіру көлігі мен 600-ге жуық маман жұмыс істеп жатыр. Әзірге тілсіз жау толық бақылауға алынған жоқ. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева