Еуропа Израильге шүйлікті
Еуропа Израильге санкция жариялады. Басты себеп Батыс жағалаудағы Израиль қоныстары. Енді бұл аумақта өндірілген тауардың импорты шектеледі. Яғни Еуропа бұл аймақтан ештеңе сатып алмайды.
Ұлыбритания Үкімет басшысы тіпті қоныстанушыларды «лаңкес» деп атады. Халықаралық сот та Батыс жағалауда қоныс салуды заңсыз деп таныған. Бірақ бұған қарап жатқан Израиль жоқ. Бұл жақта үйді қаптатып сала бермек.
12 мемлекет Батыс жағалаудағы еврей қоныстарына қарсы санкция жариялады. Басым бөлігі – Еуропа елдері. Тізімде сондай-ақ Ұлыбритания, Исландия және Канада бар. Импортқа тыйым салынған тауарларға негізінен Батыс жағалау жерінде өсірілетін ауылшаруашылық өнімдері, оның ішінде Меджул құрмасы, жүзім, көкөністер, шарап, өңделген азық-түлік өнімдері жатады. БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының мәліметіне сәйкес, Батыс жағалаудағы отбасылардың шамамен 16 пайызы күнкөріс көзі ретінде ауыл шаруашылығы саласына тәуелді. Енді бұл санкциядан жергілікті бизнес шығынға батып, таяқтың ұшы жазықсыз жұмысшыларға тиюі ықтимал.
Мозес Гази, Израиль қонысындағы құрма фермасының басқарушысы:
- Біріншіден, өте өкінішті. Санкция енгізген мемлекеттердің тұрғындары менің керемет құрмаларымнан дәм тата алмайтын болды. Екіншіден, зардап шегетін мен емес. Егер мен жұмыссыз қалсам, елім маған қолдау көрсетеді. Мен қоластымдағы палестиналық жұмысшыларды аяймын. Өйткені оларға ешкім көмектеспейді. Егер өнімді Еуропаға сата алмасам, кәсібімді тоқтатуға тура келеді. Өзге елде отырып, «Біз Палестинаға көмектесіп жатырмыз!» деп айту оңай. Бірақ шын мәнінде олар қарапайым халыққа емес, палестиналық саясаткерлерге ғана болысып жатыр.
Батыс жағалаудағы жағдай барған сайын ушығып жатыр. Қазір аймақта 150-ге жуық Израиль тарапы мақұлдап, заңдастырған қоныс бар. Ал рұқсатсыз, бейресми салынған қоныстар одан да көп. Былтыр қоныстанушылардың тарапынан жасалған шабуыл салдарынан 1 мыңнан астам адам жараланды. Биыл зорлық-зомбылық әрекеттері одан әрі күшейді. Тамыз айына дейін 23 палестиналық Израиль қоныстанушыларының қолынан мерт болды.
Джули Норман, Chatham House Таяу шығыс және Солтүстік Африка бағдарламасының ғылыми қызметкері:
- Мен Батыс жағалауға 20 жылдан астам уақыт бойы барып жүрмін және қазіргідей қауіпті бұрын-соңды көрген емеспін. Израильдік қоныстанушылар тарапынан палестиналықтарға қарсы зорлық-зомбылық пен шабуылдар жиілеп кетті. Аймақта ресми және бейресми Израиль қоныстары өте көп.
Еуропа елдері Израильге шүйлікті
Бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын, яғни 1917 жылы Ұлыбритания Палестинада еврей халқы үшін ұлттық ошақ құруды қолдап, Бальфур декларациясын қабылдаған еді. Енді Лондон Израильдің әрекетіне қатысты қатаң ұстанымға көшті. Мемлекет Израиль қоныстарында өндірілген тауарлардың импортына тыйым салумен ғана шектелмейді. Сол қоныстардың кеңеюіне ықпал ететін құрылыс, инфрақұрылым, қаржы және жылжымайтын мүлік салаларында қызмет көрсететін нақты компаниялар мен жеке тұлғаларға да санкция енгізеді. Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Эд Милибэнд қоныстанушыларды «лаңкес» деп атады. Израиль жауап ретінде Шығыс Иерусалимдегі британиялық консулдықты жапты.
Эд Милибэнд, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі:
- Біріккен Ұлттар Ұйымының анықтамасына сәйкес, этникалық тазалау – бейбіт тұрғындарды белгілі бір географиялық аумақтан күш қолдану арқылы мәжбүрлеп ығыстыруға бағытталған қасақана саясат. Ұлыбритания үкіметі Батыс жағалауда лаңкестік әрекеттерге баратын қоныстанушылар палестиналықтарға қарсы этникалық тазалау жүргізіп жатқанын мойындайды әрі заңсыз деп санайды. Бірақ Израиль бұған көз жұмып отыр.
Нью-Йорктегі қасіретке 25 жыл
Әлемде соғыс, басқыншылық, террорлық әрекеттер тоқтайтын емес. Жуандардың ойыны қара халыққа қасірет әкеліп жатыр. Бұған 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекет дәлел. Сол кезде 3 мыңға жуық адам опат болды. Содан кейін ширек ғасыр өтсе де, лаңкестік шабуыл құрбандарының тізімі әлі өсіп жатыр. 11 қыркүйек ұлттық мемориалы мен мұражайы, тағы 36 өрт сөндіру қызметкерінің есімімен толықты. Құтқару жұмыстары аяқталғаннан кейін олардың көпшілігі ауыр дертке шалдыққан.
Конрад Матос, өрт өндіру қызметінің бұрынғы қызметкері:
- Бізді мәселенің ауқымы қандай болса да, оқиға орнына келгенде дереу әрекет ету қажет деп үйретті. Бастапқыда біз қандай жағдайға тап болғанымызды білмедік. Сол күн әлі есімде. Ең сорақысы, біз ол күні ешкімді таппадық. Қою түтіннен ештеңе көрінбеді. Қайғылы оқиға болған маңға жарты жыл бойы барып жүрдім. Тағы біреу қалып қоймады ма екен деген ой маза бермеді. Бірақ тек мәйіттерді ғана таптық.
Адам баласы әлі де ақылға келер емес. Жаһан соғыс алаңына айналып барады. Халықаралық ұйымдар басқыншылық әрекеттерді айыптағанмен қауқарсыз. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ны реформалау ұсынысы бекер емес. Ал терроризм әдіс-тәсілдерін өзгертіп жатыр.