АҚШ-та жанармай қымбаттады

АҚШ-та бензин бір жылда 36 пайызға жуық қымбаттады. Ал дизельдің орташа құны қазір тарихи рекордқа жетті. Америка автомобиль қауымдастығының дерегі бойынша, бензин бағасы кейінгі бір аптаның өзінде шамамен 4 пайызға көтерілген. 

Соғыс болып жатқан аймақтарда жанармай қымбаттаса түсінікті , ал АҚШ-тың басына не күн туды? Жанармайдың қымбаттауы америкалықтардың қалтасына қалай әсер етіп жатыр?

Америкадағы жанармай бекеттерінде баға бір галлонға көрсетіледі. Бұл – шамамен 3,8 литр. Ал бүгінгі ресми бағаммен бір доллар 451 теңгеге жуық. Қазір АҚШ бойынша қарапайым бензиннің орташа бағасы галлонына – 4 доллар 32 цент. Яғни бір литрі 514 теңге деген сөз.

Бір ай бұрын жанармай галлоны 4 доллар 8 цент еді. Былтыр осы күні 3 доллар 18 цент тұрған. Демек бір жылдағы өсім 36 пайызға жуық. Мұны көліктің багымен есептесек: орташа алғандағы 50 литр бензинге былтыр шамамен 42 доллар қажет болса, қазір 57 доллар жұмсайсыз. Айырмасы – 15 доллар, яғни 6700 теңге. 

Блиц АҚШ тұрғындары:

- Жанармай бағасы тым қымбат. Қалтамыз көтермейді. Күн сайын өсіп барады. Бұрын қарапайым бензиннің галлоны үш доллар шамасында еді. Қазір 4 доллар 19 центтен асып кетті. Вашингтонның кей жерлерінде қарапайым бензин бес долларға дейін барады.

- Шынымды айтсам, баға тым жоғары деп ойлаймын. Былтыр да ата-анамды АҚШ-та көлікпен аралатқан едім, биыл жанармайға әлдеқайда көп ақша кетіп жатқанын байқадым. Оның үстіне азық-түлік те қымбаттап барады.

- Жанармай бағасының өсуіне әсер ететін себеп көп. Бірақ соның ішінде алдын алуға болатын ең айқын әрі басты фактор деп Иранда соғысты айтар едім. Оны еш бастамай-ақ қою керек еді.

Қымбатшылықтың негізгі себебі – мұнай жеткізудегі кедергілер. АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының мәліметіне қарағанда, Ормуз бұғазындағы танкерлерге шабуылдар, Иран мұнайының экспортына қойылған шектеулер және Қызыл теңіздегі қауіп тасымалды қиындатқан. Соның салдарынан өндіріс қысқарып, әлемдік мұнай қоры азайып жатыр. Бұл жайлы осыған дейін Дональд Трамп та пікір білдірген еді.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Бензин арзандайды. Соғыс аяқтала салысымен, бағасы күрт құлдырайды. Мұнай өте көп. Ол барлық жерде, дүниежүзінің мұхиттарындағы танкерлерде тұр. Сондықтан баға төмендейді. Бірақ Иран ядролық қаруға ие болып, оны қолданса, әлем мүлде өзгеріп кетер еді. Біз бұған жол бермейміз. Әзірге бензинге сәл көбірек төлеуге тура келеді. Соғыс аяқтала салысымен, бензин де, мұнай да тез арзандайды.

Бірақ соғыс тоқтаған жоқ, жанармай да арзандамады. Есесіне дизель де қымбаттап барады. Елдегі орташа баға галлонына 6 доллар 23 центке жетіп, рекорд жаңартты. Бұны біздің өлшемге шақсақ, бір литрі – 742 теңге.

Энергетикалық ақпарат басқармасы әлемдік нарықтағы тапшылық америкалық дизель экспортының ұлғаюына түрткі болғанын айтады. Бұл ішкі қордың азаюына және жоғары бағаның сақталуына ықпал етіп отыр.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- АҚШ-та әдетте күзде көлікпен саяхаттау азайып, бензинге сұраныс бәсеңдейді. Мұнай өңдеу зауыттары арзанырақ қысқы қоспаға көшетіндіктен, баға да төмендей бастайды. Алайда биыл жанармай керісінше қымбаттап жатыр. Оның алдағы бағыты Таяу Шығыстағы мұнай тасымалының қаншалықты қалпына келетініне байланысты болмақ.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Иджоу Шін

Сондай-ақ оқыңыз: