Түркі мемлекеттері өз полициясын құрады
Яғни Интерпол мен Еурополға серіктес Түркпол пайда болады.
Бұл мәселе Астанада өткен түркі мемлекеттері Ішкі істер министрлерінің үшінші отырысында көтерілді. Бастамашы Түркия.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- TürkPol. Атауының өзі айтып тұрғандай, түркі елдеріне ортақ құрылым. Бұл ұйым Еуропадағы Europol, халықаралық деңгейдегі Interpol секілді қылмысқа қарсы күресте түркілердің өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Бастамаға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан тараптары қолдау білдірді. Алдымен түркілердің қылмысқа қарсы күрес кеңесі құрылады. Оның аясында трансшекаралық қылмысқа, лаңкестік мен есірткі айналымына, заңсыз көші-қон, құмар ойындарына қарсы бірлескен іс-қимыл жолға қойылмақ. Ал Түркпол осы ынтымақтастық одан әрі жүйелеудің келесі тетігі ретінде қарастырылып отыр.
Мұстафа Чифтчи, Түркия Ішкі істер министрі:
- Бұл құрылым іздеуде жүрген адамдарды анықтау үшін ортақ жүйе құруға жол ашады. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары қызметкерлерін оқыту, заңнамамен алмасу және әлеуетті арттыру сияқты көптеген бағыттағы ынтымақтастығымыз үшін берік негіз болады деп сенеміз. Келіссөз үдерісін аяқтап, құжатты келесі айда Анкарада түркі елдері басшыларының отырысында қабылдауымыз мүмкін.
Бауырлас елдер құқық қорғау саласындағы байланысты бұған дейін де нығайта түскен. Былтыр түркі мемлекеттері ұйымының полиция академиясы платформасы, қысқаша ТүркПАП тетігі күшіне енді. Қазір тұрақты жұмыс істеп тұр. Ал Астанадағы жиында қауіпсіздіктен бөлек түркі елдері азаматтарының ортақ төлқұжаттық бақылау бекетін құру мәселесі де сөз болды. Бұл жүйе іске қосылса, қазақстандықтардың түркі елдеріне шекарадан өту рәсімі жеңілдейді.
Мұстафа Чифтчи, Түркия Ішкі істер министрі:
- Еуропа елдеріне барған кезде мұны көріп жүрміз. Еуропалық одақ елдерінің азаматтары бір бақылау бекетінен, ал басқа елдердің азаматтары басқа бақылау бекетінен өтеді. Осыған ұқсас жүйені Түркі мемлекеттері ұйымы арасында да енгізу бағытындағы жұмыстарымыз жалғасып жатыр.
Түркі елдері арасында жеке куәлікпен сапарлау мүмкіндігін енгізу мәселесі де талқыланды. Қазір мұндай тәртіп Түркия мен Әзербайжан, Түркия мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасы арасында қолданылады.
Енді осы тәжірибені өзге түркі мемлекеттеріне енгізу көзделіп отыр. Министрлер деңгейінде көтерілген бұл ұсыныстар келесі айда Анкарада өтетін түркі мемлекеттері ұйымы көшбасшыларының саммитінде қаралады.
Әсия Нұрлыбаева