АҚШ Иранға қайта шабуыл жасай ма?
АҚШ пен Иран мәмілеге келе алмады.
Келіссөздерден нәтиже жоқ. Дегенмен, Тегеран Вашингтонмен АҚШ-та өтетін аралық сайлаудан кейін келісімге келуі мүмкін. Бұл Дональд Трамптың айтуы. Ақ үй қожайыны,.. Біріккен ұлттар ұйымы Ассамблеясының 81--ші сессиясында осылай деп мәлімдеді.
Құрама Штаттар Иранға қарсы санкциялық қысымды тіптен күшейтті. Енді ирандық әуе компанияларымен ешкім байланыспауға тиіс. Ешқандай қызмет көрсетілмейді. Бірақ Иран да текке отырған жоқ. Аймақта ықпалы артпаса, кемімейтін түрі бар. Бұған байырғы одақтасы - хуситтердің көмегі көп болып тұр.
Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 81-сессиясында Дональд Трамп Иран мәселесіне арнайы тоқталды. Әуелі әдетіне басып, Иранға қоқан-лоқы көрсетті. «Америка Ислам мемлекетін қас қағым сәтте жойып жібереді» деді. Бірақ қараша айында АҚШ-та өтетін аралық сайлаудан кейін екі ел бір мәмілеге келіп, қақтығысты тоқтатуы да мүмкін екенін айтты.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Егер Иранмен бір мәмілеге келсек, олар мемлекеттерін қалпына келтіруге, қайтадан Таяу Шығыстағы ең мықты елдердің біріне айналуға мүмкіндік алады. Ал келісімге келмесек, мен Ислам Республикасының күл-талқанын шығарамын. Түп-тамырымен жойып жібере аламын. Бірақ аралық сайлаудан кейін бітім орнататынымызға сенемін. Қазір Иран осы аралық сайлаудың нәтижесін күтіп отыр.
Трамп Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермейтінін тағы да баса айтты. Сондай-ақ Ирандағы Кирка тауына шабуылдайтынын жоққа шығармады. Бұған АҚШ-тың назары ауғанына біраз болды.
Бұл қандай тау дейсіз ғой? Натанз деп аталатын уран байытатын зауытқа жақын маңда орналасқан жота. Сарапшылардың айтуынша, Тегеранның ядролық бағдарламасымен байланысы бар. Мұнда екі туннель кешені салынған. Нысанның берік салынғаны сонша, оны жоюға, АҚШ-тың ең мықты деген әуе бомбасының да шамасы жетпей тұр. Бұл Стратегиялық және Халықаралық зерттеулер орталығының дерегі. Израильдің барлау қызметі былтыр күзде Иран осы аумаққа уран байытатын центрифугаларды көшіргені туралы жариялады. Ал жаңа спутниктік зерттеулердің нәтижесінде кейінгі кезде аймақта құрылыс жұмыстары қызғаны анықталды. МАГАТЭ ресми Кирка жөнінде ақпарат сұратқан. Бірақ Иран жауап қатқан жоқ.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Біз бар назарымызды Иранда ядролық қару жоқ екеніне көз жеткізуге бағыттадық. Кей нысандарды атқыладық. Алда тағы біреуіне шабуылдауымыз мүмкін. Бұл Кирка тауы.
Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясы аясында екі елдің өкілдері арағайындар арқылы келіссөз жүргізді. Тегеран Вашингтонға қойған шарттарынан бас тартар емес. Яғни, Тегеран Ормуз бұғазын ашу үшін АҚШ Иранға қарсы теңіз блокадасын алып тастауға, бұғатталған активтерін қайтаруға, сондай-ақ Ливанды қоса алғанда, барлық майдандағы әскери қимылдарды тоқтатуға тиіс. Алайда АҚШ, керісінше, қысымды одан әрі күшейтіп жатыр. Құрама Штаттар күллі әлем бойынша ирандық әуе компанияларының жұмысын тоқтататынын мәлімдеді.
Скотт Бессент, АҚШ қаржы министрі:
- Біз бұрын соңды Иранға мұндай қысым көрсетпеген едік. 11 қыркүйектен бері АҚШ Қаржы министрлігінің санкция енгізу бойынша өкілеттігі күшейді. 23 қыркүйектен бастап ирандық әуе компаниялары жабылады. Ұшақтар әуежайға қона алмайды, оларға жанармай құйылмайды, билеттер де сатылмайды.
Қазір Иранның аймақтағы ықпалы күшейе түсті. Бұған Ислам мемлекетінің одақтасы – хуситтердің, нақтырақ айтқанда «Ансар Аллах» қарулы тобының көмегі көп.
Олар небәрі 48 сағат ішінде Йемен иелігіндегі Қызыл теңіздің жағалауын басып алды. Ал Ислам революциясының сақшылар корпусы әскери іс-қимылдарға жетекшілік етуге атсалысты. 2014 жылы Йеменде азаматтық соғыс басталғалы бері Иран өзінің одақтасына бұлай тікелей қолдау көрсетпеген. Стратегиялық маңызы бар аралдарды алу арқылы хуситтер қызыл теңіздегі кемелерге шабуылдарды үдетіп, Баб-эль-Мандеб бұғазына бақылау орнатуға тырысып жатыр.
1. Хайс
2. Макбан
3. Халид ибн әл-Уәлид әскери базасы
4. Моха
5. Перим аралы
6. Ханиш аралы
Таиз
Дубаб
Йемен
Қызыл теңіз
Эритрея
Баб-эль-Мандеб бұғазы
ЦИТАТА: Яхья Рахим Сафави, Иранның жоғарғы көшбасшысының әскери кеңесшісі
Баб-эль-Мандебтегі жағдай енді бұрынғы қалыпқа келмейді. «Ансар Аллах» ұйымының күштері бұл өңірде үлкен жетістікке жетті. Америкалықтар Ормуз бұғазына қатысты көздегеніне қол жеткізе алмағанымен қоймай, жаңа мәселеге тап болды. Бұл Баб-эль-Мандеб бұғазы. Бұл біздің қолайымызға жағады. Ал АҚШ Иранның талаптарын орындауға мәжбүр болады.
Арадағы соғыстың қашанға дейін созылатыны белгісіз. Мәселенің қалай өрбитініне АҚШ-тағы аралық сайлау нәтижелері де әсер етуі мүмкін. Демократтардың жеңісі Тегеран үшін тиімді болмақ. Өйткені қазірдің өзінде олар бұл соғысты қолдамайды. Ал Трамптың рейтингісі төмендеп кеткенін ескерсек, демократтардың жеңіске жетуі де мүмкін. Өйткені Құрама Штаттарда жанармай қымбаттады, елді инфляция қысып барады.