Еуропа обырды зерттеуде көштен қалып барады
Еуропа жаңа дәрі-дәрмек әзірлеп, сынақтан өткізуде көштен қалып барады.
9 ірі фармацевтикалық компания басшылары Еуроодақты осы проблемаға жіті назар аударуға шақырды. Олар клиникалық зерттеулерді жеделдетіп, жаңа препараттар шығаратын кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасауды сұрап отыр. Бұл мәселе әсіресе онкология саласында өзекті.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Еурокомиссияның соңғы салыстырмалы деректеріне сәйкес 10 жылда Еуропаның әлемдік клиникалық зерттеулеріндегі үлесі екі есе азайып, 18-ден 9 пайызға түскен. Ал Қытайдың үлесі керісінше 10 пайызға жетер–жетпес көрсеткіштен 30 пайызға жоғарылап отыр. Обырды емдеуде клиникалық сынақтардың маңызы зор. Сол арқылы дәрігерлер жаңа емдеу тәсілдерінің қаншалықты тиімді әрі қауіпсіз екенін тексеріп, содан кейін ғана оларды кеңінен қолдана алады.
Сала өкілдері: "Еуропаның көштен қалуының бір себебі келісім алу рәсімдерінің күрделілігінде", - дейді. Зерттеуді бастамас бұрын тиісті рұқсат қағаздары беріліп, медициналық орталықтар іріктеліп, жобаға қатысушылардың саны түгенделуі шарт. Егер бұл процесс ұзаққа созылса, сынақ жұмыстары басқа елге көшірілуі мүмкін.
Штефан Эльрих, Еуропалық фармацевтикалық өнеркәсіп және қауымдастықтар федерациясының президенті:
- АҚШ пен Қытайдан артта қалып барамыз. Еуропада білікті ғалымдар, жетекші университеттер және қуатты өнеркәсіптік база бар. Бірақ кәрі құрлық осы әлеуетті инвестицияға және жаңа әзірлемелерге айналдыра алмай бәсекеде жеңіліп барады.
Обырды зерттеуге келгенде елдер арасындағы бәсекелестік анық байқалады. Pfizer компаниясының мәліметінше, онкологияға қатысты клиникалық сынақтардың шамамен 40 пайызы бүгінде Қытайда жүргізіледі. Мұндай зерттеулерге қатысқан науқастар жаңа ем тәсілдеріне ертерек қол жеткізе алады. Еурокомиссия жағдайды өзгерту үшін биотехнология саласын реттейтін соны талаптар енгізуді жоспарлап отыр. Олар жаңа дәрілерді әзірлеу мен сынауды жеңілдетіп, бюрократиялық кедергілерді азайтуды көздейді.
Оливер Вархейи, Денсаулық сақтау мәселелері бойынша еурокомиссар:
- Өкінішке орай, бұл бәсекеде шынымен де ұтылып барамыз. Бізде клиникалық сынақтарды мақұлдау үшін орта есеппен 100 күннен астам уақыт керек. Ал Ұлыбританияда бұл шамамен 60 күнді алады. Бұл көрсеткішті Еуропада 47–50 күнге дейін төмендеткіміз келеді.
Онкологияны зерттеу кезінде ғылым мен қаржыландырудан бөлек науқастардың жағдайы да назарға алынуы керек. Бұл мәселе Дүниежүзілік обырды зерттеу күні қарсаңында Брюссельде өткен кездесуде талқыланды. Шараға қатысқан ғалымдар, дәрігерлер және пациенттердің өкілдері клиникалық сынақтардың мақсаты мен бағыты белгіленген кезден науқастардың пікіріне құлақ асу керек деп отыр.
Автор: Ғалымжан Қараманұлы