Си Цзиньпин - Дональд Трамп кездесуі: ынтымақтастыққа қадам
Вашингтон мен Бейжің арасындағы тоң жіби бастады ма? АҚШ президенті Дональд Трамп қытайлық әріптесін Ақ үйде қарсы алып, тараптар арадағы қордаланған біраз мәселені талқылады.
Си Цзиньпин екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды ұсынып, алдағы бес жылда 100 мың америкалық жасты оқу және тәжірибе алмасу бағдарламаларына қатысуға шақырды. Екі ел арасында тікелей әуе рейсін көбейткісі келетінін білдірді.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Бүгін АҚШ-тың қос бірдей қаласы әлем назарында. Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының жиыны өтіп жатса, Ақ үйдің үстінен әскери ұшақтар ұшты.
Дональд Трамп мемлекеттік сапармен келген Си Цзиньпинді салтанатты рәсіммен қарсы алды. Қытай төрағасы қас болмайық, дос болайық деп, қос панданы Атланта зообағына жолдайтынын айтты. Ал Ақ үй басшысы: «2016 жылы президент болған сәтімнің алғашқы күнінен-ақ Си мырзамен өте берік достық қалыптасты», - деді.
«Мұндай жылы қатынастың саяси мәні бар», - дейді сарапшылар. АҚШ пен Қытай арасындағы ашық текетірес екі елдің де экономикасына кері әсер етеді. Трамп алдағы қарашадағы аралық сайлау қарсаңында шиеленістің жалғасуына мүдделі емес. Ал Си Цзиньпин 2027 жылы Компартия басшысы ретінде төртінші мерзімге қалуы мүмкін; 2028 жылы мемлекет төрағалығы жөніндегі шешім қабылданады. Сондықтан екі басшы да келіспеушіліктерін ашық айтса да, байланысты үзбеуге басымдық берді.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:
- Біз шын ниетпен ынтымақтасуымыз керек. Екі елдің мүддесі тығыз байланысты, бірлесіп атқаратын жұмыс көп. АҚШ пен Қытайдың серіктестігі әлемдегі барлық мәселені шешпес. Бірақ онсыз көп түйткілдің түйінін тарқату қиын. Қытай америкалық компанияларға ашық. Біз де Қытай компанияларына АҚШ-та әділ қарағанын қалаймыз. Шиеленісті осылайша әрекет етіп, азайта аламыз.
Трамп та қарым-қатынастың тарихи тамырын еске алып, жылы шырай танытты.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Біздің халықтар ғасырлар бұрын мұхит асып, сауда жасап, бір-бірінен көп дүние үйренген. Екінші дүниежүзілік соғыста да бірге жеңіске жетті. Енді төраға Симен екі ел үшін жақсы болашақ құру жолында жұмысты жалғастырамыз. Осы тарихи сапарыңыз үшін рақмет, АҚШ-қа тағы да қош келдіңіздер!
Президенттер келіссөз жүргізгенде Мелания Трамп пен Сидің жұбайы Пэн Лиюань Вашингтондағы Азия өнері ұлттық музейін аралады. Олар Қытай фарфоры қойылған әйгілі «Тауыс бөлмесін» көріп, жергілікті қытай мектебі балаларының әнін тыңдады.
Ал қос ел басшысы келіссөз үстелінде сауда мен технология мәселелерін талқылады. Қарашада аяқталуы тиіс сауда бітімін тағы екі айға ұзартты. Трамп мамырда құрылған сауда кеңесі арқылы америкалық шаруаларға Қытай нарығын кеңірек ашуды көздейтінін айтты. Сондай-ақ ол қауіпсіздік, технология және өзі «супер интеллект» деп атайтын жасанды интеллект мәселесін де көтерді. Си Цзиньпин: «бұл технология адам бақылауында қалуы керек», - деді. Қытай тарапы есірткі айналымына қарсы күрес пен құқық қорғау саласындағы байланысты күшейтуге, екі ел арасындағы тікелей рейстерді көбейтуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ дипломатия, экономика және парламент деңгейіндегі тұрақты диалогты ұсынды. Алайда баж салығы мен сирек кездесетін металдарға қатысты негізгі даулар әзірге шешілген жоқ.
Келіссөзден соң Трамп қонағына Ақ үйді аралатып, жаңадан жасалған тікұшақ алаңы мен президент мінетін Marine One тікұшағын көрсетті. Аудармашыларын ертіп, әуе көлігіне де кіріп көрді.
Сапар ертең жалғасады. Екі президент жұбайларымен бірге Ақ үйде шай ішіп, кейін АҚШ Ұлттық мұрағатын аралайды.
Авторы: Ердана Ержанұлы