Түркі әлемі Қазақстанға көңіл айтты

Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты Түркі әлемі Қазақстан халқына көңіл айтты.

ТҮРКСОЙ ұйымында бір минут үнсіздік жарияланып, түркі мемлекеттерінің тулары төмен түсірілді. Ал Анкарадағы Қазақстан елшілігіне Түркия басшылығы мен шетелдік дипмиссия өкілдері көңіл айтып жатыр.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Каспийдің асау толқыны өмірін жалмаған әскери қызметшілердің қазасы Қазақстан үшін ғана емес, күллі Түркі әлемі үшін ауыр қайғыға айналды. Бүгін осы қасіретке ортақтасқан ТҮРКСОЙ ұжымы бір минут үнсіздік жариялап, қаза болғандардың рухына тағзым етті. Түркі мемлекеттерінің тулары төмен түсірілді. Бұл бір елдің ғана емес, тағдыры мен тамыры ортақ халықтардың қаралы күнде бір-біріне қолдау білдіріп, қайғыны бөліскенінің белгісі.

Иә, бүгін тұтас түркі әлемі қара жамылды. ТҮРКСОЙ ұйымында жұмыс істейтін түркі елдерінің ресми өкілдері орыны толмас қайғыға ортақтасып, мезгілсіз дүниеден өткен азаматтардың отбасыларына көңіл білдіріп жатыр.

Марат Тағаев, Қырғыз Республикасының ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі:

- Бұл қайғылы оқиғаға байланысты жалпы түркі дүниесінің қабырғасы қайысып отыр. Қазақ халқы біздің бауырлас халқымыз. Сондықтан олардың қайғысы бізге де ортақ. Бүкіл түркі әлемінің атынан қаза тапқан азаматтардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтамыз. 

Ал Анкарадағы Қазақстан Республикасының елшілігінде көк байрағымыз төмен түсірілді. Мұнда жергілікті уақытпен сағат 10-нан бастап көңіл айтуға өзге елдің дипмиссия өкілдері бірінен соң бірі келіп жатыр. Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты бауырлас елдермен қатар Йемен, Ресей, Мажарстан мемлекеттерінің өкілетті елшілері келіп, көңіл айту кітабына жазба қалдырды. 

Сержан Сәрсенбаев, Түркиядағы ҚР Елшілігінің кеңесшісі:

- Бүгінгі қаралы жағдайға байланысты Түркия Республикасының басшылығы, сондай-ақ осы елде аккредиттелген бірқатар дипломатиялық миссия басшылары мен өкілдері Қазақстан халқына көңіл айтып, көңіл айту кітабына өздерінің қолдау және жұбату сөздерін қалдыруда. Осыған орай бүгін жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін елшіліктің есігі көңіл білдіруші азаматтар мен дипломатиялық корпус мүшелеріне ашық.

Қаралы хабарға ортақтасқан елдер Қазақстан халқына қолдауын осылай білдіріп жатыр. Қиын сәтте қайғыны бөлісу елдер арасындағы достық пен бауырластықтың шынайы көрінісіне айналды.

Ә. Нұрлыбаева

Сондай-ақ оқыңыз: