АҚШ пен Иран келісе алмады
АҚШ пен Иран ақыры келісе алмады. Иран Ормуз бұғазын 7 күнге ашамыз деген еді, Вашингтон илікпеді. Тегеран да енді Ақ үймен келісімнен еш нәтиже болмайды деп күдер үзді.
АҚШ-тың күшейетін жөні бар. Иранға тұс-тұстан санкция енгізіп, бұл мемлекетпен ешкімді араластырмауға тырысып жатыр. Әзірге Иранмен дұшпан елдер әуе рейстерін тоқтатты. Алыс-берісті доғарды. Бұл арада Тегеран да АҚШ тарапынан болуы мүмкін кез келген шабуылға дайынбыз деп отыр.
Тегеран бастаманы Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясында ұсынып, Қатар арқылы АҚШ-қа жолдады. Келісім жасалған жағдайда Иран бұғаз арқылы кеме қатынасын жеті күн ішінде қалпына келтіруге және өңірдегі әскери қимылдарды тоқтатуға дайын екенін айтқан. Сондай-ақ АҚШ-тың Иран порттарына қатысты теңіз блокадасын алып тастауды, Тегеранның бұғатталған активтерін босатуды және Иран мұнайының экспортына салынған санкцияларды жеңілдетуді көздеген. Оның орнына Иран Ормұз бұғазын толық ашып, тіпті Ливандағы әскери қимылдарды тоқтатуға дайын болған. Бірақ Трамп бұл ұсынысты АҚШ үшін қолайсыз деп санайды.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Мен олардың ұсынысын қабылдамаймын. Біз қазір Ормуз бұғазын толық бақылауда ұстап отырмыз, ол арқылы орасан көп мұнай өтеді. Өткен түні бұғаз арқылы 29 кеме өтті. Сондықтан олар Ормуз бұғазын дереу ашқысы келеді. Білесіздер ме, неге? Өйткені олар құрдымға кетіп бара жатыр. Негізгі кіріс көзі осы бұғаздан түсетін. Енді келіп өз-өздерін тығыраққа тіреп отыр.
Ал Иранның қарулы күштері АҚШ тарапынан жасалуы мүмкін кез келген шабуылға дайын. Иран әскерінің баспасөз хатшысы осылай деп мәлімдеді. Сондай-ақ бас қолбасшы Әмір Хатами АҚШ-Иран соғысының аса маңызды әрі шешуші кезеңге жеткенін мәлімдеді.
Мұхаммед Акраминия, Иран әскерінің баспасөз хатшысы:
- АҚШ-тың кез келген шабуылына тойтарыс беруге күшіміз жетеді. Әрі бұрынғыдан да шыңдалдық. Әскери техникамызды жаңғырту, жаңа жүйелерді әскери құрылымымызға енгізу және олармен жұмыс істеуге жаттығу барысында жұмыс жүргіздік. Техникалық тұрғыдан да, бағдарламалық қамтамасыз ету мен басқару жүйелері тұрғысынан да бұрынғыдан әлдеқайда жоғары деңгейде дайынбыз.
Қалай дегенмен Иран экономикасы қазір дағдарыс кезеңінде. Бір мезетте соғыс, санкциялар, мұнай экспортының шектелуі, Ормуз бұғазындағы логистикалық дағдарыс, жоғары инфляция және ұлттық валютаның құнсыздануы жығылған үстіне жұдырық болды. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша Иран экономикасы биыл шамамен 5,4%-ға бәсеңдеуі мүмкін.
Экономикалық дағдарыс әсіресе мұнай секторына соққы болды. Иранның бюджеті мен валюталық түсімдерінің едәуір бөлігі мұнай экспортына тәуелді. Бұған дейін Тегеран АҚШ санкцияларына қарамастан мұнайының басым бөлігін, әсіресе Қытайға түрлі балама бағыттар арқылы жөнелтіп отырған. Алайда Ормуз бұғазындағы әскери шектеулердің әсерінен Иран мұнайының шетелге шығауы әлдеқайда қиындады.
Ал Иранның сыртқы саудасы негізінен оңтүстік порттар арқылы жүргізіледі. Ормуз бұғазындағы АҚШ-тың әскери блокадасы осы бағытқа қысым түсіреді. Бұл ретте Тегеран Каспий теңізі, құрлық шекаралары және Ресей мен Орталық Азия арқылы балама бағыт іздейді. Бірақ бұл бағыттардың өткізу қабілеті Парсы шығанағындағы порттармен салыстырғанда шектеулі. Оның үстіне Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі де Иранның солтүстік порттарына кіретін кемелердің жүк көтеру мүмкіндігін азайтып отыр. Шығыс Каспий теміржол бағыты Иран жүктерін Түрікменстанға, Қазақстанға және Қытайға жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда Иранның Оңтүстік Кавказ бағытына шығатын теміржол жүк тасымалы 1988–1994 жылдардағы Бірінші Қарабақ соғысы кезінде үзілгеннен кейін әлі күнге дейін қалпына келтірілген жоқ.
Вашингтон Иранның мұнай экспортын ғана емес, оның банктерін, әуе компанияларын, мұнай тасымалдайтын кемелерін, делдал компанияларын және санкцияларды айналып өтуге көмектесетін үшінші елдердегі құрылымдарды нысанаға алып отыр. Бірер күн бұрын Иранның авиация секторына қарсы жаңа санкциялар енгізіп, 27 ирандық әуе компанияны санкциялық тізімге қосты. Мұндай шаралар Иранның шетелден ұшақ бөлшектерін, техникалық қызмет пен қаржылық қызметтерді алуын қиындатады. АҚШ осылайша Ираннның әр қадамын бақылап, барлық жолды жаппақ. Біраз мемлекет қазірдің өзінде алыс-берісті шектеді. Тек Қытай, Ресей сынды тікелей қарым-қатынастағы елдер алда қалай қимылдайды? Мәселе соған тіреліп тұр.