Пентагон сапында дрон мен робот көбейеді. LIVE
АҚШ қарулы күштеріне дрон мен роботтарды жаппай енгізеді. Бұл үшін арнаулы қолбасшылық құрылды. Илон Маск бастаған топ болашақтың соғысына қажетті технологияларды зерттеп, Пентагонға ұсынатпақ. Бұл жайлы АҚШ Соғыс министрі Вирджиниядағы Куантико әскери базасындағы жиында мәлімдеді. Пит Хегсет қарулы күштерді жаңартуға арналған алты бастама жариялады, деп хабарлайды 24KZ.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Армысыз. Қазіргі таңда АҚШ қарулы күштерінде 11 әскери қолбасшылық бар. Олардың алтауы белгілі бір аймаққа, ал бесеуі арнайы міндеттерге — стратегиялық күштерге, арнайы операцияларға, тасымалға, киберкеңістік пен ғарышқа жауап береді.
Ал бүгінгі жарияланған жаңа департамент 12-шісі болмақ. AutoWarCom деп аталатын құрылым бүкіл қарулы күштерге автономды және роботтандырылған жүйелерді енгізуге жауап береді. АҚШ-тың әскері дрондарды бұрыннан пайдаланып келе жатқаны бәрімізге белгілі. Бірақ осы жаңа департамент арқылы оларды сатып алу, сынау және ұрыста қолдануды жеделдету көзделмек. Оны келесі жылғы қазанға дейін іске қосу жоспарланған. Пит Хегсеттің айтуынша, қазіргі соғыс тәсілдері Пентагонның жаңа технологияларды игеруінен жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан қымбат қарулармен қатар, көптеп шығарылатын дрондар да қажет болып отыр.
Пит Хегсет, АҚШ қорғаныс министрі:
- АҚШ кейінгі 40 жылда негізінен қымбат қаруларға сүйеніп, саннан гөрі сапаға басымдық берді. Бұл бізге үлкен артықшылық әкелді. Мұны найзағайлы жауынға теңесек болады. Сонымен бірге толассыз жел мен жаңбыр секілді қарсыласқа үздіксіз қысым жасайтын көп дрон мен басқа да автономды жүйелер қажет. Яғни сапаға да, санға да ие болуымыз керек. Бұл қарсыласты арзан шабуылға қымбат қорғаныспен жауап беруге мәжбүрлейді. Украина тәжірибесіне қарап, өзгеріске жылдам бейімделетін жүйе керектігін түсіндік. Сондықтан техниканы сатып алу мен ұрыста қолдануды ұштастыру керек.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Ал ұзақмерзімді технологиялық басымдықты қамтамасыз ету үшін «Меридиан» жобасы басталады. Оны Илон Маск, қорғаныс технологияларын әзірлейтін Anduril компаниясының негізін қалаушылардың бірі Палмер Лаки және Өкілдер палатасының бұрынғы спикері Ньют Гингрич бірлесіп басқарады. Топ болашақ ұрыс алаңдарында қандай қару мен мүмкіндіктер қажет болатынын анықтайды.
Пит Хегсет, АҚШ қорғаныс министрі:
- Алдағы ондаған жылда әскери және технологиялық басымдықты сақтау үшін бүгіннен дайындалуымыз керек. Бұл топ балаларымыз бен немерелерімізге қажет болатын қарулар мен жүйелерді зерттейді. Жер астынан бастап Айдан арғы кеңістікке дейінгі барлық мүмкіндікті қарастырады. Жоба қорытындысын 120 күн ішінде ұсынуды тапсырдым. Нәтижесі көпшілікке жарияланады, құпия қосымшасы да болады.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Келесі екі бастама әскери инфрақұрылымға қатысты. FORTRESS America бағдарламасы ірі базаларды энергиямен дербес қамтуды көздейді. Азаматтық электр желісі істен шықса да, әскери нысандар жұмысын жалғастыруы тиіс. Маңызды шикізат пен бөлшектерді АҚШ-та өндіру, оқ-дәрі, жанармай және медициналық қорларды көбейту де жоспарланған. Бұған қоса, 25 мың әскери қызметшіге арналған жаңа база салынбақ. Оны орналастыру үшін штаттар арасында конкурс өтеді.
Пит Хегсет, АҚШ қорғаныс министрі:
- Барлық штат губернаторларын үздік ұсыныс жасауға шақырамыз. Егер 15 мыңнан 25 мыңға дейінгі әскери қызметшіні қабылдағыңыз келсе, оны қалай ұйымдастыратыныңызды көрсетіңіз. Жер ұсынып, бюрократиялық кедергілерді азайтып, әскери отбасыларға жағдай жасаңыз. Жаңа базаның өз энергия өндірісі, заманауи әуе қорғанысы мен озық технологиялары болады. Әскери қызметшілерге сапалы казармалар мен жаттығу нысандарын, ал отбасыларына жақсы баспана, мектеп, бала күтімі және медициналық қызмет ұсынамыз.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Қалған екі бастама кадр даярлау мен рухани қолдауға арналған. Бес оқу орнында жаңа кадет корпустары құрылады. Студенттер оқуымен қатар әскери тәртіп пен көшбасшылық даярлығынан өтеді. Ал дін істері жөніндегі жаңа кеңсе тікелей министрге есеп береді. Ол әскери дін қызметкерлерінің жұмысын қолдап, қажетті ресурстарды үйлестіреді. Пентагонның ресми түсіндіруінше, бір дінге артықшылық берілмейді, діни қолдау алу ерікті болады. Дін ұстанбайтындардың да құқықтары сақталады.