Кореяның Тэджон қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды
Ғарыш, озық технологиялар мен білім беру саласы Астана мен Сеул арасындағы қарым-қатынастың жаңа көпіріне айналады.
Бұл туралы Оңтүстік Кореяның технологиялық астанасы - Тэджон қаласында Қазақстанның құрметті консулдығының ресми ашылуында айтылды. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының заңды жалғасы болып отыр. Қазақстанның құрметті консулы болып әйгілі CONTEC ғарыш компаниясының басшысы доктор Ли Сон Хи тағайындалды.
Владислав Цой, тілші:
- Тэджон Оңтүстік Кореяның ғылыми-техникалық орталығы. Бұл қаланы елімізбен байланыстыратын жайттардың бірі - мұнда Қазақстаннан келген жүздеген студент білім алып жатыр. Сонымен қатар осыдан бес жыл бұрын дәл осы жерге Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен Хон Бом Доның сүйегі Қызылордадан жеткізіліп, қайта жерленді.
Енді Тэджонда Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Оны CONTEC компаниясының бас директоры Ли Сон Хи басқарады. Ол NASA-ға ұқсас Корея аэроғарыштық зерттеулер институтында 16 жыл жұмыс істегеннен кейін өз кәсіпорнын құрды. Бүгінде CONTEC - қазақстандық ғарыш ведомствосы мен Ghalam компаниясының серіктесі. Бірақ жаңадан тағайындалған консулдың жоспарлары ғарыш шеңберінен әлдеқайда асып түседі.
Ли Сон Хи, "Contec" Корея ғарыш компаниясының бас директоры:
- Мен Қазақстан мен Кореяның өнеркәсіптік дамуына үлес қосу үшін бар күшімді саламын. Бұл тек ғарыш саласы ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект, минералды ресурстар, ақылды қалалар және басқа да көптеген бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар Қазақстанда оқитын студенттерге түрлі мүмкіндіктер ұсынып, қолдау көрсетпек ойдамыз. Оларға Кореяда тағылымдама мен тәжірибеден өтуге жағдай жасауға тырысамыз.
Тэджонда орналасқан екі ірі жоғары оқу орны Қазақстанда филиалдарын ашты. KAIST университетінің ғимараты жаңа Алатау қаласында салынса, Түркістандағы Woosong-та жасанды интеллект және деректер ғылымы бойынша 300-ге жуық студент оқиды.
Ким Хон Ги, "Woosong University Kazakhstan" ректоры:
- Қазір Түркістан филиалында 17 қабатты ғимаратты пайдаланып жатырмыз. Бірақ болашақта факультеттерді көбейтетіндігімізден жаңа ғимарат салып жатырмыз. Біз Түркістанда ақпараттық қауіпсіздік, теміржол ісі және менеджмент бағыттары бойынша оқытамыз. Онда қазірдің өзінде Кореядан келген төрт оқытушы жұмыс істеп жатыр. Студенттер Қазақстанда екі жыл оқығаннан кейін бір семестрді Кореяда өткізеді.
Ли Сон Хидің айтуынша, Тэджондағы Қазақстанның құрметті консулдығының басты мақсаты - қазақстандық-кореялық ғарыш жобаларын дамыту. Келесі жылдың екінші жартысында жасанды Жер серігін ұшыру жоспарланған.
Владислав Цой, Ольга Лян