Flydubai ұшағын басып алмақ болған пилоттың жоспары белгілі болды
Flydubai рейсінің ұсталған екінші ұшқышы ұшақты Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайының терминалына әдейі соқпақ болған. Ол әуе кемесін әдеттегідей қондырып, соңғы сәтте терминалға қарай бұруды жоспарлаған, деп хабарлайды 24KZ N12 журналисті Амит Сегалға сілтеме жасап.
Сегалдың айтуынша, пилот ұшақты әуежайға қалыпты түрде қондырмақ болған. Алайда қонуға санаулы секунд қалғанда әуе кемесін терминалға қарай бұрып, апат жасамақ болған. Бұл кезде ұшақты тоқтатуға мүмкіндік болмайды деп есептеген.
Журналистің мәліметінше, оның жоспары жараланған үндістандық ұшқыштың кабина есігін аша алуына байланысты жүзеге аспаған.
Дереккөздер ұшақты басып алуға әрекет Иордания аумағының үстінен ұшып бара жатқан кезде жасалғанын айтады. Пилот ешкімге күдік тудырмай, Израильге дейін жетуді көздеген.
Хамам әл-Хаммами жауап алу кезінде шабуылды Flydubai компаниясына жұмысқа орналасқанға дейін жоспарлағанын айтқан. Ол бастапқыда жоспарын шілде айында жүзеге асырмақ болған. Алайда сол рейсте болған экипаж мүшелерінің бірімен жақын қарым-қатынасына байланысты соңғы сәтте райынан қайтқан.
Еске сала кетейік, 30 қыркүйек күні таңертең Flydubai ұшағынан басып алу қаупі туралы белгі түскен. Осыдан кейін Израиль әуеге жойғыш ұшақтарын көтерді. Бортта 27 бала бар 174 жолаушы болған.
Кейін ұшқыштар арасында жанжал болғаны туралы ақпарат тарады. Әуе кемесі Сауд Арабиясына аман-есен қонды.