Еуропада инфляция күшейді
Отын мәселесі қашан да өзекті.
Көмір, мазут, жанармай жетпесе, қымбатшылық туындатады.
Қазір Еуропада инфляция қайта күшейді. Еуроодақтың статистикасына жүгінсек, қыркүйекте жылдық көрсеткіш 3,2 пайыздан 3,8 пайызға дейін өскен. Бұл - 2023 жылдың қыркүйегінен бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Бір айдың ішінде тауар мен қызмет көрсету құны орта есеппен 0,6 пайызға артқан. Сөйтіп, инфляция Еуропалық орталық банктің 2 пайыздық мақсатты деңгейінен едәуір асты.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Еуропалық Одақ құрамына кіретін кейбір елдерде қымбатшылық деңгейі тіпті жоғары. Қыркүйекте инфляция Бельгияда 4,6, Испанияда 5 пайызға жетсе, Литвада 6 пайыздан асқан. Бағаның қарыштауының басты себептерінің бірі - энергия құнының өсуі. Еуроаймақта оның ақысы бір жылда 19 пайызға жуық қымбаттаған.
Энергия бағасының шарықтауына ең алдымен Таяу Шығыстағы шиеленістің қайта күшеюі ықпал етіп отыр. Осының салдарынан жанармай да қымбаттады. Бұған тауар жеткізудегі іркілістер мен мұнай өңдеу көлемінің азаюы да әсер етті. Сырттан тасымалданатын энергия ресурстарына тәуелді Еуропа үшін бұл мәселе қашан да өзекті.
Дан Йоргенсен, Еуропалық комиссияның энергетика және тұрғын үй жөніндегі комиссары:
- Қақтығыс басталғалы Еуроодақ қазба отынын импорттауға қосымша 100 миллиард еуродан астам қаржы жұмсады, бірақ тиісті деңгейде энергия алған жоқ. Сондықтан бұл мұқтаждықты азайтып, таза энергия көздеріне көшуді жеделдету маңызды. Сондай-ақ халық пен кәсіпорындарға қолдау көрсету керек.
Еуропалық орталық банк бұған қатысты шара қабылдап үлгерді. Бұл негізгі мөлшерлемелерді 0,25 пайыздық тармаққа көтеріп, нәтижесінде депозиттік мөлшерлеме 2,5 пайызға жетті. Мұндай саясаттың мақсаты – несиені қымбаттатып, оған деген сұранысты бәсеңдету. Және энергия бағасының жалақыға, тауар мен қызмет құнына әсер етуіне жол бермеу.
Кристин Лагард, Еуропалық орталық банктің президенті:
- Инфляцияның өскенін байқап отырмыз, бірақ оның экономикамызда тұрақты сипат алғанын көрсететін әзірге белгілер жоқ. Дегенмен, бұл өзгерісті елемеуге болмайды. Сондықтан инфляцияны бақылауда ұстау үшін сақтық шараларын қабылдаған жөн деп санаймыз.
Экономистер пайыздық мөлшерлемені көтерудің кері әсері де бар екенін ескертеді. Ипотека мен бизнеске берілетін несиелер қымбаттайды, компаниялар инвестиция салуға сақтықпен қарай бастайды. Соның салдарынан экономикалық өсім баяулауы мүмкін.
Карстен Бжески, ING банкінің бас экономисі:
- Еуропалық орталық банк мөлшерлемені 2,5 пайыздан да жоғары көтере алады дегенге әлі де күмәнмен қараймын. Олай болған жағдайда ақша-несие саясаты экономикалық белсенділікті тіпті тежеп тастайды.
Еуропалық орталық банктің негізгі болжамы бойынша биыл инфляция көлемі орта есеппен 3 пайызға жетіп, келесі жылы 2,5 пайызға қайта оралады. 2028 жылы ғана мақсатты 2 пайыздық деңгейге жақындауы тиіс. Бірақ бұл болжам энергия нарығындағы қысым біртіндеп бәсеңдейді деген есепке негізделген. Бірақ мұнай мен газ бағасы ұзақ уақыт жоғары болып қала берсе, инфляциялық қысым да сақталуы мүмкін.
Ғалымжан Қараманұлы