Қытай автокөлік экспортына жаңа талап енгізді
Қытайдың Сауда министрлігі 2027 жылға арналған автомобильдер мен мотоциклдерді экспорттауға лицензия беру рәсімін бастағанын жариялады, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа талаптардың бірі – компаниялардан «Шетелдік нарықтардағы талаптарды сақтау жөніндегі міндеттемеге» қол қоюды талап ету. Бұл сыртқы нарықтарда демпингке және бағаның тұрақсыздығына жол бермеуге бағытталған.
Құжатқа сәйкес, экспорттаушылар жеткізілетін көліктердің нақты құнын көрсетуге және нарықтағы бәсекелестікке кері әсер ететін заңсыз артықшылықтарға жол бермеуге міндетті.
Экспорттаушы мәртебесін алу үшін компаниялар шетелде қажетті инфрақұрылымы бар екенін растауы тиіс. Автокөлік өндірушілер сервистік орталықтарының жұмыс істейтінін, қызметкерлерінің біліктілігін, қажетті жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді жеткізу жүйесінің бар екенін құжатпен дәлелдеуі қажет.
Жалған мәлімет берген немесе құжаттарды қолдан жасаған компанияларға ескерту жасалып, заң бұзушылық туралы ақпарат көпшілікке жариялануы мүмкін. Сондай-ақ билік олардың автомобильдер мен мотоциклдерді экспорттау құқығын уақытша тоқтатуы немесе толықтай жоюы ықтимал.
2027 жылға арналған экспорттық лицензияға өтінім қабылдайтын онлайн жүйе 30 қыркүйекте іске қосылды. Ал жергілікті сауда органдары құжаттарды бастапқы тексеруден өткізіп, оларды министрлікке 2026 жылғы 28 қазанға дейін жолдауы тиіс.