Финляндияда зейнетке шығу жасы 70-ке дейін көтерілуі мүмкін
Финляндия Қаржы министрлігі зейнетке шығудың ең төменгі жасын кезең-кезеңімен 70 жасқа дейін көтеруді ұсынды, деп хабарлайды 24KZ Helsinki Times-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның жоспарына сәйкес, зейнет жасы әрбір келесі жас тобында алты айға ұлғайтылып, 70 жасқа жеткенге дейін жалғасады. Кейін зейнетке шығу жасы халықтың өмір сүру ұзақтығына қарай белгіленбек.
Министрлік бұл шара елдегі жұмыспен қамтылғандар санын 50-120 мың адамға арттыруы мүмкін деп есептейді. Ұсыныс мемлекеттік қаржыны нығайтуға бағытталған жоспардың бір бөлігі. Жалпы алғанда, шығындарды қысқарту, салық шаралары мен құрылымдық реформалар арқылы алдағы парламенттік мерзімде бюджет жағдайын 8-11 млрд долларға жақсарту көзделген.
Алайда бастама кәсіподақтардың сынына ұшырады. STTK ұйымының басшысы Элсе-Май Кирвесниеми зейнетақы жүйесін мемлекеттік борышты қысқарту шараларымен байланыстыруға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, Финляндияда зейнетке шығудың нақты орташа жасы қазірдің өзінде 63,2 жасқа жеткен, ал елде 330 мыңға жуық жұмыссыз бар.
Кәсіподақтар зейнет жасын көтеру мемлекеттік қаржыға тез әсер етпейтінін және реформаның салмағы жастарға түсуі мүмкін екенін алға тартты. Akava ұйымы да министрліктің жұмыспен қамту көрсеткіші өседі деген болжамына күмән келтірді.
Ал бизнес өкілдері бастаманы қолдады. Финляндия өнеркәсібі конфедерациясы Қаржы министрлігінің ұсыныстарын маңызды әрі негізді деп бағалады.
Министрлік бұдан бөлек, баласы кішкентай ата-аналарға берілетін бала күтімі жәрдемақысын қысқартуды немесе алып тастауды, муниципалитеттер санын азайтуды, тиімсіз бизнес субсидияларынан бас тартуды және мемлекеттік активтердің бір бөлігін сатуды ұсынды.
Финляндия Қаржы министрлігі шығындарды қысқарту, құрылымдық реформалар мен салық саясатына қатысты толық ұсыныстарын қазан айының соңында таныстырмақ. Соңғы шешімді кезекті парламенттік сайлаудан кейін құрылатын үкімет қабылдайды.