Еуроодақ пен Қытайдың сауда қатынасы шиеленісті
Еуропа Қытай тауарын тежеуге күш салып жатыр.
Еуроодақ екі жақты сауда-саттықтың үлесін теңестіруді көздейді.
Брюссель Қытайдың ықпалы жергілікті кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге кері әсерін тигізеді деп қауіптенеді. Қытайдың да өз уәжі бар. Қазір бұл ел Еуропадан импорттайтын химиялық затқа қатысты демпинг бойынша тергеу бастады. Дау-шар бұлай кете берсе,саудадағы ірі серіктестердің арасы суитын түрі бар.
Дегенмен, Еуроодақ Қытайға салқындық танытқанымен бұл мәселеге аса сақтықпен қарайды. Тіпті Қытайға экспортты ұлғайтамыз деген жоспары да бар.
Еуропа пен Қытай арасындағы сауда дауы биыл жазда ушыққан еді. Екі тарап бірінен кейін бірі тауарларға баж салығын енгізіп, арадағы алыс-беріс сәл бәсеңдеді. Бірақ Еуроодақ - Қытайдың ең ірі сауда серіктісі. Былтыр екі жақты тауар айналымындағы алшақтық 360 миллиард еуроға жуықтады. Еуропа Қытайға небәрі құны 200 миллиард еуро тауар экспорттаса, Қытайдан 600 миллиард еуро көлемінде тауар импорттаған. Бұл көрсеткіштер 10 жыл бұрынғы деңгейден 89 пайызға көп. Мысалы, Еуропалық Одақ қазір жасыл энергетикаға көшуді жеделдетіп жатыр. Еуростат дерегіне сүйенсек, 2 жыл бұрын Еуропаға жеткізілген күн панельдерінің 98%-ы Қытайдан келген. Сондай-ақ литий-ионды батареялар импортының 88%-ын қамтамасыз еткен. Сауда-саттық мұнымен шектелмейді. Еуроодақ Қытай жерінен алынатын сирек жер металдарына да зәру. Әсіресе магний импортының 97 пайызы Бейжіңнің үлесінде.
Франция, Страсбург
Хильде Ваутманс, Еуропалық парламент мүшесі:
- Күніне бір миллиард еуро. Былтыр Еуропаның Қытаймен сауда тапшылығы дәл осындай болды, әрі бұл алшақтық әлі де ұлғайып келеді. Біздің нарық Қытай тауарларына тым ашық болды. Ал біз Қытай нарығында мұндай деңгейде шыққан жоқпыз.
Саудада достық жоқ. Брюссель Қытайдың мемлекеттік субсидиялары мен арзан несиелері еуропалық компанияларға тең емес деп санайды. Ал Бейжің бұл айыптауларды мойындамайды. Қытай өндіріс көлемінің және ішкі нарықтың ауқымы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді деген пікірде. Сондай-ақ Еуропа Қытайдан келетін импорт көлемін азайтып қана қоймай, өз компанияларының Бейжің нарығына шығуына да жол ашқысы келеді. Ал Қытай Еуропаның сауда шектеулеріне жауап ретінде өз тарапынан баж салығын енгізіп, өнеркәсіптік химикаттар экспортына бақылауды күшейтті. Бейжің еуропалық өндірушілер бірнеше жыл бойы тауарды төмендетілген бағамен сатып, қытайлық кәсіпорындарға зиян келтірді деп санайды. Ал Еуропалық комиссия Қытайдан келетін кейбір химиялық шикізаттың импортына қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Яғни тараптар бір-бірінің нарығына қысым жасай отырып, өз өндірушілерін қорғауға тырысады.
Қалай дегенмен Брюссель Бейжіңмен арадағы текетіресті тым ушықтырып алмауы маңызды. Өйткені Еуропаның өзі де Қытайдан келетін тауарлар мен шикізатқа тәуелді. Сондай-ақ Қытай нарығына шығуды көздейді. Бұл ретте Еуропалық Одақ логистикалық бағыттарды жаңғыртуға күш салады. Биыл "Орта Дәліз" жобасын дамытуға 12 миллиард еуро көлемінде инвестиция құю туралы жоспарын жариялады. Қомақты қаражат одақтың "Жаһандық қақпа" бастамасының аясында мемлекеттік және жеке секторларға бөлінбек. Еуропаны Оңтүстік Кавказ, Орталық Азия және Қытаймен байланыстыратын жоба келешекте халықаралық сауда жолдарын кеңейтуге, жүк тасымалын 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.