Францияда оқушылардың наразылық шерулері 200 лицейді қамтыды

Францияда лицей оқушыларының наразылығы жалғасып жатыр.

Бүгін ел бойынша 200-ге жуық білім беру мекемесі жабылып, университеттердің 90 пайызында оқу үдерісі бұзылды. Шеруге жоғары сынып оқушыларымен қатар мұғалімдер, студенттер мен кәсіподақ өкілдері қосылды. Наразылық қыркүйекте Париж маңында басталып, кейін елдің өзге өңірлерін қамтыды. Шерушілер білім саласын қаржыландыруды арттыруды, университетке қабылдау жүйесін өзгертуді талап етіп отыр. Негізгі мәселелердің бірі Франциядағы мұғалім тапшылығы мен сыныптардағы оқушы санының көптігі. Биліктің мәліметінше, шерушілер қатарына білім саласына қатысы жоқ агрессивті топтар қосылған. Ұлттық білім министрлігі мұғалім тапшылығын азайту үшін қосымша үш мың педагог тартылатынын мәлімдеді. Олар ең алдымен бітіруші сыныптарда сабақ беретін мұғалімдердің орнын басады.

Камиль, студент:

- Біз оқу орындарынан техника мен жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін сұрап отырмыз. Ғимараттардың таза болуы және санитарлық талаптардың сақталғанын қалаймыз. Бүгін біз лицей оқушыларына қолдау білдіруге келдік.

Селин, кітапханашы:

- Бүгінде Францияда мұғалімдер мен кітапханашылардың жұмыс істеуіне тиісті жағдай жасалмаған. Ал атқаратын жұмысымыз өте көп. Міндеттерді толық әрі сапалы орындау үшін қызметкерлер санын арттыру қажет. Бұл пікірімді көптеген әріптестерім қолдайды.  

Жаппай наразылық Францияда президент сайлауына дайындық жүріп жатқан тұста өтіп жатыр. Солшыл күштер оқушылардың талаптарын қолдаса, орталықшылдар оларды наразылықты саяси мақсатта пайдалануға тырысты деп айыптайды. Ал оңшыл партиялар қоғамдық қауіпсіздік мәселесін көтеріп отыр. Мемлекеттік қарызы 3,5 триллион еуродан асқан Францияда білім саласын қаржыландыру мәселесі әлі де өзекті.

Сондай-ақ оқыңыз: