Экономика мен тұрмыста алшақтық бар — ХВҚ

Дегенмен, биыл жаһандық экономика оң динамика көрсетті.

Сарапшылар мұны өндіріс көлемінің артуы, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы, технологияның дамуымен байланыстырады. Алайда жоғарыда баяндап жатқанымыздай, күнделікті өмірде жағдай мұндай емес. Қарапайым жұрт дүкен сөресіндегі баға, коммуналдық төлемдер, баспана бағасының шарықтауы сынды мәселелерге алаңдайды. 

Сонда қалай? Экономикалық өсім болғанда, халықтың көңілі неге жайланбайды? Жалпы екі ортадағы алшақтықты теңестіру мүмкін бе?

Қарапайым халық экономиканың жай-күйін жалпы ішкі өнімнің көлеміне қарап емес, күнделікті тұрмысқа қарап бағалайды. Баспана қолжетімді ме? Жалақы ай соңына жете ме деген сұрақтар толғандырады. Энергия ресурстарының бағасы, логистикалық шығындар, халықаралық саудадағы өзгерістер ішкі нарықтағы бағаға тікелей әсер етеді. Алпауыт экономика АҚШ-тың өзінде тұрғындар тұрғын үй нарығында түйткілдер барын айтады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша әлемдік инфляция биыл 4,7%-ға өсіп, келер жылы 4,1%-ға дейін төмендеуі мүмкін. 

Атанасиос Вамвакидис, Халықаралық валюта қорының өкілі:

- Бірқатар елдің экономикасында инфляция әлі де өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан мемлекеттік қарыздың тұрақты деңгейін қамтамасыз ету, орталық банктің тәуелсіздігін сақтау, инфляция бойынша белгіленген мақсаттарды ұстану маңызды. Банктер мен банктік емес қаржы ұйымдарына байланысты тәуекелдер де мұқият бақылауды және тұрақты мониторинг жүргізуді талап етеді. Қазір қаржы жүйесін нығайтып, оның болашақтағы экономикалық күйзелістерге төзімділігін арттыратын уақыт келді. 

Бірқатар елде инфляция пандемиядан кейінгі ең жоғары деңгейімен салыстырғанда төмендеді. Бірақ өмір сүру құнының өсуі сақталып отыр. Дүниежүзілік экономикалық форум экономистері азық-түлік бағасының одан сайын өсіп, электр қуаты, көлік шығындарының артуына алаңдайды. Өйткені қазіргі аумалы-төкпелі заманда сауда тарифтерінің өсуі, геосаяси шиеленістер және әлемдік жеткізу тізбектеріндегі үзілістер инфляцияны қайта күшейтуі мүмкін. Әсіресе экономика импортқа тәуелді елдерде инфляциялық қысым екі есе күшейеді.  

Аргентинада экономикалық тұрақсыздық пен ұлттық валютаның әлсіреуі азық-түлік бағасының өсуіне ықпал етті. Түркияда валюта бағамының өзгеруі мен өндіріс шығындарының артуы қымбатшылықты күшейтті. Ал Мысыр үшін әлемдік астық нарығындағы өзгерістердің маңызы зор. Өйткені ел бидай импортына тәуелді. Бұл азық-түлік инфляциясының тек әлемдік нарықтағы жағдайға емес, әр мемлекеттің ішкі экономикалық тұрақтылығына да байланысты екенін көрсетеді. 

Бағаның өсуі тұтынушыға бірден жетпеуі мүмкін. Әуелі шикізат қымбаттайды, одан кейін өндіріс, сақтау, қаптау және тасымалдау шығындары артады. Содан соң бұл өзгерістер дүкен сөрелеріндегі бағаға әсер етеді. Сондықтан халықаралық нарықта баға тұрақтанған күннің өзінде, оның тұтынушыға ықпалы бірден сезілмейді. Инфляцияның тағы бір күрделі тұсы бағаның өсу қарқыны баяулағанымен, халықтың шығыны бұрынғы деңгейіне оралмайды. Егер азық-түлік бағасы бір жылда 10 пайызға қымбаттап, келесі жылы тағы 5 пайызға өссе, өнімдер арзандаған жоқ. Керісінше, олардың бағасы әрі қарай көтерілді, тек баяуырақ өсті. Ал жалақы осы қарқынға ілесе алмаса, халықтың нақты сатып алу қабілеті төмендей береді. 

Осы тұста инфляцияны төмендетумен қатар халықтың сатып алу қабілетін қорғау да маңызды. Бұл үшін азық-түлік өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, жеткізу тізбектерін әртараптандыру, сақтау инфрақұрылымын жақсарту және нарықтағы бәсекелестікті күшейту маңызды. Жаһандық экономиканың өсуі халықтың әл ауқатын өздігенен жақсартпайды. Оның нақты нәтижесі күнделікті қажеттіліктердің қаншалықты қолжетімді екенінен көрінеді.

Сондай-ақ оқыңыз: