Қытайда мұздықтар жылдам еріп, көлемі 24% дейін азайды
Қытайда мұздықтар жылдам еріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Кейінгі 60 жылда көлемі 24 пайызға дейін азайып кеткен. Ғалымдар табиғи апаттардың жиілеуінен осы жағдайдың әсері дейді. Әсіресе Тянь-Шань тауларындағы жағдай күрделі. Мұның кесірі Қазақстанға да тиіп отыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайдағы мұздықтар өзге аймақтарға қарағанда үш есе жылдам еріп жатыр. Жүргізілген талдауға сәйкес, бұл елде кейінгі 60 жылда 7 мың мұздық жойылып кеткен. Ал қалғандарының көлемі азаюда. Салдарынан тау үстіндегі көлдердің деңгейі көтеріліп, көлемі ұлғайып барады.
Бұл табиғи апаттың жиілеп, экологиялық тепе-теңдік бұзылуына әкеліп отыр. Ол бір жерде су тасқыны, екінші жерде лай көшкіні, ал енді бір жерде су тапшылығы түрінде сезіліп жатыр. Ғалымдар тәуекел жылдан жылға артып, кейбір аймақтарға қатер төніп тұрғанын айтады.
Яо Тандун, Қытай ғылым академиясының академигі:
– Климаттың өзгеруі экожүйеге орасан зор кері әсерін тигізуде. Әсіресе тауларда 5 мың метр биіктіктен жоғары қарай қатты байқалып отыр. Оған ғылыми дәлел бар. Мәселен, Цинхай-Тибет үстіртінде ауа
температурасы бұрынғыдан 3 есе жылып кетті. Бұл мұздықтардың тез еруіне әкеліп отыр. Еріген су оның түбіне кетіп жатыр. Егер мұздық борпылдақ топырақта жатса, ол опырылады. Ал енді түбі тас болса, сырғып төменге қарай сел боп ағады. Бұл өте қауіпті.
Тянь-Шань тауларындағы жағдай да мәз емес. Мұнда да мұздықтар қоры жылдан жылға азайып барады. Жота Қытайдың Шыңжаң аймағынан бастап Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арқылы созылып жатыр. Бұл бүкіл Орталық Азия елдерінің табиғи су көзі. Мұздықтардың жылдам еруі ауыл шаруашылығы, гидроэнергия өндірісі жалпы экожүйеге қауіп төндіріп тұр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазірдің өзінде құрғақшылық пен су тапшылығы Орталық Азия елдерінде қатты сезілуде. Бұлай жалғаса берсе, соңы әлеуметтік-экономикалық мәселеге айналуы мүмкін. Қытайлық ғалымдар тәуекелдерді бірге зерттеп, ортақ күш салуға шақырып отыр.
Яо Тандун, Қытай ғылым академиясының академигі:
– Алдымен өзен бассейндері мен аймақтарда қалыптасқан тәуекелдерге баға беру керек. Бұған мұз, су, ауа бәрі кіреді. Аса қауіпті аймақтардағы мұздықтарды анықтап, жаппай талдау жүргізу қажет. Қазір бұл мәселелермен күресу үшін көп елдің ғалымдары өз бетінше әрекет етуде. Алайда бұл нәтиже бермейді. Күш біріктіру керек.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазір Орталық Азия дүние жүзі бойынша мұздықтар ең тез еріп жатқан аймақтардың қатарында. Жылдам еруі 90-жылдардан басталған. Бәрі жаһандық жылынумен байланысты. Ғалымдардың айтуынша, бұл құбылыс тоқтамайды. Алайда мейлінше тежеудің жолын бірлесіп іздеу бүкіл адамзатқа ортақ парыз.
Авторы Руслан Бақытбекұлы