Жапонияда бес науқасқа робот арқылы қашықтан ота жасалды

Фото: kyodonews

Жапонияда дәрігерлер қашықтан басқарылатын роботтың көмегімен ішек қатерлі ісігіне шалдыққан бес науқасқа ота жасады. Жаңа технология дәрігер тапшылығын азайтып, шалғай өңірлердегі тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «24KZ» Kyodo ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Операциялар тамыз айынан бері Хиросаки университеті ауруханасы мен Цугару жалпы ауруханасында жүргізілген. Бұл – Жапонияда әр жерде отырған екі дәрігердің бір хирургиялық роботтың көмегімен бірлесіп ота жасаған алғашқы клиникалық тәжірибесі.

Операция кезінде дәрігерлердің бірі науқастың жанында болып, «hinotori» роботын басқарған. Ал екінші хирург басқа жерде отырып, роботты қашықтан басқарып, әріптесіне көмектескен. Роботты Жапонияның Medicaroid компаниясы әзірлеген.

Хиросаки университеті мен Жапония хирургиялық қоғамы технологияның қауіпсіздігін тексеру үшін 2027 жылғы наурызға дейін осындай әдіспен тағы бірнеше ота жасауды жоспарлап отыр. Сынақ нәтижелері негізінде қажетті жабдықтарды пайдалануға рұқсат алу және қызметті ұлттық медициналық сақтандыру жүйесіне енгізу мәселесі қаралады.

Токай университетінің профессоры, Жапония хирургиялық қоғамының қашықтан ота жасау технологиясын дамыту жөніндегі комитетінің жетекшісі Масаки Моридің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – өңірлер арасындағы хирургиялық көмектің қолжетімділігіне қатысты айырмашылықты азайту.

Мамандар технологияны шамамен екі жылдан кейін кеңінен қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

Жаңа тәсіл әсіресе білікті хирургтер жетіспейтін шалғай аудандардың тұрғындары үшін тиімді болуы мүмкін. Өйткені науқастарға күрделі операция жасату үшін басқа қалаға барудың қажеті азаяды. Бұл жол шығыны мен уақытты үнемдеуге де мүмкіндік береді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: